Президент тіпті қылмыстық істер туралы сөз қозғады
Бүгін Алматыға жасаған сапары кезінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездескен президент ғылыми қызметкерлер туралы ұятта болса шындықты айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Дәлірек айтсақ, Тоқаев мына бір келеңсіз жайтқа тоқталды: заманауи өндіріс құруға бөлінген жер телімдері қазір қаңырап бос жатыр.
«Ал жұмысында олқылықтарға жол берген Ғылым қоры мемлекет қаржысын қайтармағаны өз алдына, тіпті, құқық қорғау органдарына да шағымданбаған. Ештеңе болмаған сияқты. Алайда құқық қорғау органдары грант ретінде алынған ақшаның кейін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне аударылғанын әшкереледі. Тексеріс нәтижесі бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өзім шынайы құрметпен қарайтын ғылыми қызметкерлер туралы осындай ұятты деректерді ашық айту оңай емес», - деді Тоқаев.
Бірақ президент Конституциядағы Заң мен тәртіп қағидаты ғылым қайраткерлеріне де қатысты екенін еске салып, бұл мәселенің түптамыры жауапкершіліктің жоқтығынан деген пікірін айтты.
«Ғылыми қоғамдастықтың абырой-беделіне нұқсан келтіретін осы жағымсыз жайт жауапкершіліктің болмауы, бақылаудың нашарлығы және процестерді цифрландырудың төмен деңгейі қайда әкеліп соғатынын анық көрсетті. Барлық ғылыми әзірлеме қолданбалы мәнге ие болуға тиіс. Экономиканың нақты секторларына белсенді енгізілуі керек. Әлбетте қазақ ғылымының дамуында сәтті мысалдар баршылық. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Бірақ шынайы табысқа жеткіміз келсе, сәтсіздіктерден сабақ алуымыз керек. Турасын айтқан жөн. Шындықты бұрмалауға түбегейлі қарсымын. Бірақ құр сөз бен мақтангершілікті жақтырмаймын», – деді Мемлекет басшысы.