Президент Қазақстанның Еуразиядағы жетекші ғылыми, технологиялық орталықтардың біріне айналатынына сенім білдірді
Мемлекет басшысы ғылым қалашықтары мен қарқынды дамитын қалалар инвестиция және жаңа технологияларды тарту орталығына айналуға тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол осы міндетті іске асыру үшін тиісті тұжырымдама қабылданғанын еске салды.
«Бұл концепцияға сәйкес мықты ғылыми- технологиялық парктер құру жоспарланып отыр. Менің тапсырмам бойынша Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру жұмысы басталып кетті. Парламент осындай қалашықтардың құқықтық мәртебесін және қаржыландыру тетіктерін айқындайтын заң жобасын қарап жатыр. Ғылымды арқау еткен аумақтар құру – біздің стратегиялық басымдыққа ие мақсатымыз. Жаңа Конституцияда қарқынды дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық режим бекітілді. Сондықтан Alatau City жоғары технологиялар саласындағы инвесторлар үшін тартымды жобаға айналады деп сенеміз. Жалпы, мемлекет өңірлерде ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше назар аударып отыр. Соған сәйкес әкімдерге ғылыми-технологиялық саясатты жүргізу құзыреті берілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің ғылыми-академиялық қоғамдастығына үндеу жасады.
«Қазақстанның ертеңі қандай болатыны, инновациялық және озық елге айналу мүмкіндігі сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жасаған еңбектеріңіз бен ашқан ғылыми жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Күш-жігер біріктіріп, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми, технологиялық орталықтардың біріне айналдыра аламыз. Мен бұған сенімдімін», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдар жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа терең түсіндіруге айтарлықтай үлес қосқанына назар аударып, ғылым елдікті нығайтудың маңызды құралы екенін айтты.