Енді мемлекеттік қызметте істейтін жүкті әйелдердің жұмыс уақыты қысқарады

Автор: Нұргүл Абай

Жаңа норма науқас жақындарына күтім жасайтын қызметкерлерге де қатысты

Фото: pixabay.com

Қазақстанда жүкті әйелдерге және науқас отбасы мүшелеріне күтім жасайтын мемлекеттік қызметшілерге толық емес жұмыс күні белгіленеді. Бүгін Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заң жобасында жұмыс уақытының режимі нақты реттелген. Дәлірек айтқанда, күнделікті жұмыс ұзақтығы 8 сағатқа дейін, ал апталық жұмыс уақыты 40 сағаттан аспайды.

Ал І және ІІ топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілер үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді.

Жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне және науқас туысына күтім жасап отырған мемлекеттік қызметкерлерге икемді, яғни толық емес жұмыс уақыты беріледі.

Сонымен қатар, көлденең мансаптық ілгерілеу тетігі енгізіледі. «Б» корпусының бір әкімшілік лауазымы аясында лауазымдық деңгейлер белгіленіп, әр деңгей үшін жалақы мөлшері айқындалады. Пилоттық жоба екі жылға жоспарланып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінде, Астана қаласы мен Атырау облысының әкімдіктерінде іске асырылады.