Ерекше қажеттілігі бар жандарға қоғамның толық мүшесі екенін сездіруді мақсат етеміз - «Ten Qogam» орталығының өкілі

Автор: Темірхан Айжан

Бір жылда 650 ерекше қажеттігілі бар жан орталықтың қызметін алды 

Фото: Freepik

Еліміз әлеуметтік инклюзияны дамытуға бағытталған кешенді саясат жүргізіп, азаматтардың құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге күш салып отыр. Әлеуметтік инклюзияның негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамға толыққанды қатысуын қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау, кәсіби даму мен білім алуына жағдай жасау. Осы тақырып аясында Azattyq Rýhy тілшісі «Аяулы халық» қоғамдық қорының жетекшісі Арлан Әубәкіровпен тілдесті.

Оның айтуынша, бастамалардың басты міндеті - мүгедектігі бар жандардың өздерін қоғамның тең мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау.

«Біз мемлекетпен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Әлеуметтік қолдау бағдарламалары арқылы адамдардың өміріне өзгеріс енгіземіз. Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету арқылы оларды қоғамның толық мүшесі екенін сезіндіргіміз келеді», - деді ол.

Мемлекеттік қолдаудың ауқымы

Қазақстанда 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы іске асып жатыр. Бұл бағдарлама мүгедектіктің дәстүрлі әлеуметтік және медициналық тәсілінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне өтуге бағытталған. Жобаның басты мақсаты - мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту және қоғамға толыққанды қатысуға мүмкіндік беру. Осы саясат аясында жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, қолжетімді орта, мәдени іс-шаралар, көлік және қауіпсіздік мәселелеріне жауапты мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктер тартылған.

Былтыр мүгедектіктің құқықтық моделін жетілдіру мақсатында бес заңға, оның ішінде Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізіліп, әлеуметтік қолдау көрсету, арнайы әлеуметтік қызметтер, еңбек қатынастары мен медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелерін реттейтін 66 нормативтік-құқықтық акт бекітілді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың құқығының қорғалуын күшейту және сайлау процесінде олардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін арнайы жол карталары әзірленген.

Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда 750 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген, бұл ел халқының шамамен 3,6 пайызына тең. Олардың басым бөлігі - ересектер, саны 630 мыңнан асады, ал балалар шамамен 120 мың адам. Әлеуметтік қолдаудың маңызды бөлігі - еңбек өтіліне қарамастан төленетін мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақылар болып отыр. Өткен желтоқсандағы жағдай бойынша 543 мыңнан астам адам жәрдемақы алып, жалпы төлем көлемі 467,2 млрд теңге болды, ал жәрдемақының орташа мөлшері 78 822 теңге деңгейінде белгіленді. Бұған қоса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдерді 100 мыңға жуық адам 47,7 млрд теңге көлемінде алды.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту да мемлекет назарында. Қазіргі уақытта елде шамамен 113 мың адам еңбек нарығында белсенді, олардың жұмыс орындары квоталанған, жұмыспен қамтуды субсидиялау, кәсіптік оқыту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, азаматтарға 400 АЕК-ке дейін гранттар беріледі. 2025 жылы 114 арнайы жұмыс орны ашылып, мүгедектігі бар азаматтарға жаңа еңбек мүмкіндіктері жасалды. Қолжетімді ортаны қалыптастыру жұмыстары да жалғасуда, бұл қоғамдық орындар, көліктер, мәдени және білім беру нысандары мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

 «Ten Qogam» орталығының тәжірибесі

Арлан Әубәкіровтің айтуынша, «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығы - мемлекет қолдауын тиімді жүзеге асырып отыр. Орталықта психологиялық кеңес беру, құқықтық қолдау, әлеуметтік және педагогикалық кеңес, жұмысқа орналасуға көмектесу, құжат рәсімдеуге көмек, кәсіби және білім курстарына бағыттау сияқты әртүрлі қызмет түрлері бар.

«Адамдар әртүрлі жаста келеді, оның ішінде жастар да, орта жастағы азаматтар да, зейнеткерлер де бар. Бірақ ең белсенділері, ол -жұмысқа қабілетті жастар. Оларға психологиялық қолдау, кәсіби курстар мен тренингтер қажет. Мемлекет бізге осы бағыттағы бағдарламаларды қолдап, нақты өзгеріс енгізуге мүмкіндік беріп отыр», - деді Әубәкіров.

Оның айтуынша, Медеу ауданындағы орталықта былтыр шамамен 650 адам психологиялық кеңес алып, кәсіби курстарға қатысып, әлеуметтік және мәдени іс-шараларда белсенділік танытты. Орталықта психологиялық тренингтер, топтық мотивациялық кездесулер, арт-терапия, кәсіби бағдар беру және әлеуметтік бейімдеу бағдарламалары жүргізіледі.

Қорының жетекшісінің сөзіне сүйенсек, бұл әдістер адамдарға өз-өздеріне сенімді болуға, қоғамға белсенді қосылуға мүмкіндік береді.

«Жастарға арналған арнайы бағыттардың ішінде компьютерлік сауаттылық, тіл үйрену, кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылық курстары, кәсіби бағдар беру және әлеуметтік іс-шаралар бар. Жастар осы бағдарламалар арқылы кәсіби дамып, қоғамға бейімделеді», - деді ол.

Арлан Әубәкіровтің пайымдауынша, нағыз инклюзивті орта қалыптастыру үшін тек материалдық көмек көрсету аздық етеді. Сондықтан инфрақұрылымның еш кедергісіз болуын қадағалау, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді арттыру, қоғамдағы қасаң көзқарастарды тас-талқан етіп, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету - инклюзия бағытындағы ең маңызды жұмыстар болып саналады. 

«Біздің орталықтар азаматтарға құқықтық кеңес беріп, психологиялық демеу болады және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Осындай кешенді жұмыс қана адамдардың қоғамда өзін өзгелермен тең сезінуіне жол ашады, бұл процеске барлық тарап түгел атсалысуы тиіс», - дейді ол.