Бұл – нағыз еңбек мектебі
Наурыз мерекесі - тамыры тереңде жатқан ұлттық кодымыздың қайта жаңғыратын, рухымыздың асқақтайтын уақыты. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов ұлыстың ұлы күнін мәнді-мағыналы атап өтудің жолдарын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, Наурыз – халықты бірлікке ұйыстырып, тұтастыққа үндейтін, мазмұны терең мереке. Күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасы жібитін бұл айды бабаларымыз әуелден-ақ тіршіліктің бастауы, рухани түлеудің кезеңі деп білген.
«Ұлыстың ұлы күні – ұмытылған салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлттық сананы түлетуге арналған уақыт. Атқан таң мен келер күннен тек жақсылық күткен халық үшін бұл мейрамды ақ ниетпен, ізгі амалдармен бастаудың мәні зор», - дейді ол.
«Мерекенің күннің шығуымен басталуы – кездейсоқ таңдалған рәсім емес. Таң – жаңа күннің ғана емес, жаңа үміттің бастауы. Халқымыз бұл сәтті асықпай, кіршіксіз ниетпен қарсы алған. Мұнда азаматтың қоғамдағы өз рөлін тереңірек сезінуге жетелейтін философиялық мән жатыр. Әр адамның көкейде «Мен айналама не бере аламын?» деген сауал дәл осы таңғы араймен бірге бүр жаруы керек», - дейді Нұркен Асанов.
«Таңды қарсы алғаннан кейін отбасы ұлттық дәмге толы берекелі дастарқанға жиылады. Қазақ түсінігінде дастарқан басы - ағайынның басы қосылып, емен-жарқын сөйлесетін, отбасылық құндылықтар көрініс табатын қасиетті жер. Бір дастархан басында отырудың өзі жастарды үлкеннің алдында иіліп, кішіге қамқор болуға үйретеді. Дастарханға қойылатын жент, талқан, балқаймақ, сүзбе және уыз сияқты құнарлы тағамдар ағзаға күні бойы қуат береді. Осы қарапайым дәмдер арқылы халқымыз «барға шүкір, жоққа қанағат» деген өмірлік ұстанымын көрсете білген», - деді ол.
Ас ішіп болған соң, жастардың үлкендерге барып, арнайы сәлем береді.
«Аналар мен ақсақалдардың алдынан өтіп, бата алуы – отбасындағы сыйластықтың беріктігін көрсетеді. Бұл рәсімнің бала тәрбиесінде орны бөлек. Өйткені бата алған баланың көңілі өсіп, үлкеннің алдындағы жауапкершілігін сезінеді», - дейді ол.
Нұркен Асанов бүгінгі «Альфа» ұрпағына еңбек құндылығын сіңіруде Наурыздың маңызы зор екенін айтады.
«Көктемде ағаш отырғызу – табиғатқа қамқорлық жасаудан бөлек, біздің болашақ алдындағы үлкен міндетіміз. Осы іс арқылы балаларымызды еңбекке баулимыз. Өз қолымен тал егіп, оны күтіп-баптаған бала еңбектің қадірін түсінеді, айналасына жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Бұл – нағыз еңбек мектебі. Қазіргі «Альфа» ұрпағы үшін мұндай істердің маңызы өте зор, себебі олар жұмыстың нәтижесін өз көзімен көріп, тер төгудің мәнін ұғынады», - дейді ол.
Нұркен Асанов мерекенің басты нышаны саналатын Наурыз көженің маңызына ерекше тоқталып өтті.
«Наурыз көженің біз үшін орны өте бөлек. Оны бәріміз жабылып жүріп дайындап, сосын бір дастарқанда отырып ішудің өзі береке мен бірліктің белгісі болып саналады. Көженің ішіне жеті түрлі дәм қосатынымыз сияқты біздің қоғамда да әртүрлі адамдар мен әртүрлі ойлар бар. Бірақ соның бәрі бір қазанға жиналғанда көженің дәмі кіретіні секілді біз де ортақ істе басымыз қосылса берекеміз арта түседі. Қазанның толып, ақтың мол болғаны келер жыл несібелі болсын деген жақсы ниетті білдіреді. Көжені бірге ішу арқылы біз бір-бірімізге жақындай түсеміз және бауырмалдығымыз артады», - дейді Нұркен Асанов.
Нұркен Асанов Наурыз мейрамының мәнін ашатын символикалық төрт түс туралы айтты. Оның сөзінше, бұл түстердің әрқайсысы адамның ішкі дүниесі мен атқаратын ісін білдіреді.
«Ақ түс – ниеттің тазалығын білдіреді. Бұл жақсы ой ойлап, өмірді жаңа парақтан бастау деген сөз. Көк түс – сананың ашықтығы мен жауапкершілікті көрсетеді. Әрбір адам өз отбасы мен елі үшін жауапты екенін сезінуі тиіс. Жасыл түс – даму мен жаңарудың белгісі. Бұл табиғатпен бірге адамның да рухани өсуін білдіреді. Ал қызыл түс – нақты әрекет пен жігерді танытады», - дейді ол.
Нұркен Асановтың айтуынша, егер адам осы төрт құндылықты: ақ- ниет, көк- сана, жасыл- даму және қызыл – әрекет, бойына сіңірсе, ол нағыз жауапты азаматқа айналады. Спикер таза ниет пен адал әрекет тоғысқанда ғана еліміз дамитынын атап өтті. Ол ұлттық құндылықтарды сақтау арқылы берекелі қоғам құруға болатынын айтып өз сөзін қорытындылады.