Қазақстандықтарды тағы бір өзгеріс күтіп тұр – демінен 0,3 промилле алкоголь шыққан адам мас болып саналады

Автор: Бақыт Шынар

Өзгерістер мас күйінің деңгейін градация бойынша анықтауды көздейді

Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда медициналық қорытындылардың дәлдігін арттыру мақсатында адамдардың мас күйін тексеру тәртібін жаңарту жоспарланып отыр. Тиісті бұйрық жобасын Денсаулық сақтау министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, әрбір жағдай бойынша медициналық куәландыру бір рет әрі кешенді түрде өтеді: дәрігерлер адамды медициналық тексеруден өткізіп, зертханалық зерттеулер және биологиялық материалды да алуы керек.

Кәмелетке толмағандарды тексеру кезінде рәсімге олардың заңды өкілдері қатысады.

«Адамның демінен алкогольдің шегі 0,3 промилле деңгейінен асып кетсе, мас деп саналады. Бұл көрсеткіш адам ағзасының физиологиялық ерекшеліктері мен құралдардың дәлдігін ескере отырып анықталған», - деп түсіндірген. Денсаулық сақтау министрлігі. 

Құжатта жазылғандай, мас күйі туралы түпкілікті қорытындыны дәрігерлер клиникалық белгілерді – психикалық, мінез-құлықтық, вегетативтік және соматоневрологиялық көрсеткіштерді, сондай-ақ қажет болған жағдайда зертханалық зерттеулер нәтижелерін кешенді бағалау негізінде шығарады.

Құжаттың жобасы 27 наурызға дейін талқыланады.