Референдум учаскесінде заңбұзушылық фактілері тіркелген жоқ дейді ол
«AMANAT» партиясы атынан Жетісу облысындағы №431 дауыс беру учаскесінде бақылаушы болып отырған Әдия Батырбаева референдум заң талаптарына сай, тыныш өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, дауыс беру барысында қандай да бір заңбұзушылықтар тіркелмеген, барлығы талапқа сай өтіп жатыр.
«Учаске дауыс беруге жақсы дайындалған. Барлық қажетті жағдай жасалып, комиссия мүшелері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып отыр. Тұрғындар белсенді түрде келіп, өз дауыстарын беріп жатыр. Әсіресе, үлкендер де, жастар да бірдей белсенділік танытып жатқаны қуантады. Ауа райының қолайлы болуы да азаматтардың көңіл күйіне әсер етіп тұрғаны байқалады. Учаскенің ішіндегі атмосфера да өте жақсы. Адамдар көтеріңкі көңіл күймен келіп, комиссия мүшелеріне алғыстарын айтып, өз таңдауларын жасап жатыр», - дейді Батырбаева.
Осы орайда бақылаушы дауыс беру кезіндегі ерекше сәттерді де бөлісті.
«Бүгінгі күннің ерекше сәттерінің бірі 18 жасқа толған азаматтың алғаш рет келіп дауыс беруі болды. Комиссия төрағасы жас жігітті құттықтап, оған кішігірім естелік сыйлық табыстады. Сонымен қатар, учаске ашылар алдында ауыл ақсақалы келіп, ақ батасын берді. Жалпы, бүгінгі референдум осы учаскеде ұйымшылдықпен, ашық әрі жақсы көңіл күймен өтіп жатыр», - дейді Батырбаева.