«Тақия мен шапанын ұмытпаған»: Алматы облысының тұрғыны референдум учаскесіне робот досын ерте келген

Автор: Бақыт Шынар

Осылайша, тұрғын референдум учаскесіне ерекше атмосфера бергім келді дейді

Фото: gov.kz

Алматы облысының тұрғыны Дарын Адай референдум учаскесіне өзінің робот-досын ерте келген, деп жазады Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып. 

Байқалып тұрғандай, Дарын Адай роботына ұлттық киім, яғни, шапаны мен тақиясын кигізіп келіпті. Оның ерекше досы тұрғындардың назарын бірден жаулап алған. Халық роботты тамашалап, онымен бірге суретке түскен.

«Мен референдумға роботымды ерте келуді жөн көрдім. Мақсатым - атмосфераны сәл өзгеше етіп, технологиялардың біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігі бола алатынын көрсету. Адамдарға қызық, көпшілігі күлімдеп, жақындап көріп жатыр», – деді ол.

Дарын Адайдың айтуынша, робот ең алдымен заманауи технологияларды көрсету және адамдарға жақсы көңіл күй сыйлау мақсатында жасалған.