Оқушылар бірінші тоқсанды түгел қашықтан оқуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Алексей Цой аз қамтылған мектептерден басқа, бүкіл мектеп пен сыныптарды онлайн режимге ауыстыруды ұсынды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің басшысы Асқар Маминге коронавирус инфкциясына байланысты жағдай туралы есеп бере отырып, күзде орта мектептегі сабақтарды қашықтан оқытуды ұсынды.

Өйткені, Цойдың айтуынша, балалар – коронавирусты таратушы және қазірдің өзінде ел бойынша 1 700-ден астам бала індет жұқтырған. Сондай-ақ балалардың сабаққа баруы «ұжымдық топтарға», яғни, адамдардың көп жиналуына себеп болады.

«Карантин кезінде балалар арасында және ұжымдық топтар арасында вирусты жұқтыру деңгейі төмендеді. Күздегі тұмау маусымын, сондай-ақ, коронавирус инфекциясының таралуын есепке алсақ, балалардың сабаққа баруы олардың арасындағы ауруды көбейтіп жіберуі мүмкін. Сондықтан, оқу жылының бірінші тоқсанында аз қамтылған мектептерден басқа, барлық орта мектептің барлық сыныптары үшін онлайн-сабақ өткізуді ұсынамын», - деді Алексей Цой.

Еске салайық, биыл балалар төртінші тоқсан сабақтарын қашықтан оқыды. 

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан