Жастарды әскери қызметке дайындау үшін әскери мектептер, цифрлық технологиялар мен жаңа білім бағдарламалары енгізілуде
Армияның берік болуы – заманауи қару мен техниканың ғана емес, жауынгерлік рух пен темірдей тәртіптің нәтижесі. Сол себепті жас ұрпаққа патриоттық сана мен Отанға деген сүйіспеншілікті, азаматтық жауапкершілікті сіңіру өте маңызды. Осы бағытта әскерге дейінгі дайындық – жастарды тек әскери қызметке емес, моральдық, физикалық және психологиялық тұрғыдан толықтай дайындайтын негізгі механизм ретінде қызмет етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет барлық өңірде мамандандырылған әскери мектептер ашу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда Абай, Атырау, Жамбыл және Павлодар облыстарында төрт мектеп жұмыс істейді. Биыл тағы екі мектеп ашылып, 2027 жылы 9 мектеп пайдалануға беріледі. Барлық өңірде мамандандырылған әскери мектептер желісі 2029 жылы толығымен құрылады деп жоспарланған.
Осы мектептерде оқушылар әскерге дейінгі дайындықтан өтіп, әскери-патриоттық тәрбие алады, заманауи технологияларды меңгеріп, командалық және ұжымдық жұмысты үйренеді. Бұл білім мен дағдылар олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстанда жас ұрпақты әскери-патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу және Қарулы күштердің беделін көтеру бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жұмыстар Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып, үкіметтің қатаң бақылауына алынған.
Жастардың дайындық деңгейін тиімді бақылау үшін Қорғаныс министрлігі «Әскерге дейінгі дайындықты жүргізетін білім беру ұйымдарының реестрі» ақпараттық жүйесін әзірлеген. Бұл жүйе барлық ұйымды тіркеп, олардың жұмыс сапасын бағалауға мүмкіндік береді, сондай-ақ әскери-патриоттық іс-шаралар да жүйелі түрде қадағаланады.
Наурыз айының соңына дейін 9 мыңнан астам ұйым осы ақпараттық жүйеге қосылып, толыққанды жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Бұл жас ұрпақ үшін сапалы дайындықты ұйымдастыруға, оның нәтижелерін тиімді бағалауға және білім беру процесін жетілдіруге септігін тигізбек.
Әскерге дейінгі дайындық сапасын арттыру үшін Қорғаныс министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырып жатыр. Курстар әскери оқу орындары, жоғары оқу орындарының әскери кафедралары және ведомстволық ұйымдарда өткізіледі. Биыл мамыр айынан бастап осы курстарға алғашқы әскери дайындықтан сабақ беретін 1500-ден астам мұғалім қатысады.
Сонымен қатар, қорғаныс пен қауіпсіздік саласының жетекші ғалымдары мен әскери психологтары 10–11 сынып оқушылары мен колледж студенттері үшін алғашқы әскери дайындық оқулығын жаңартып жатыр. Жаңа оқулықта әскери дайындық қана емес, сонымен бірге моральдық-психологиялық, физикалық дайындық, дрондармен жұмыс істеу және цифрлық симуляторларды қолдану сияқты заманауи дағдылар қарастырылған.
Сондай-ақ, мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, олардың сабақ жүргізу сапасын арттыруға жағдай жасалуда. Бұл шаралар жастарға толыққанды әскери-патриоттық тәрбие беру және оларды болашақтағы әскери қызметке сенімді дайындауға бағытталған.