Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінен хабарлады
Қазақстанда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 655 нысанның құрылысы толық аяқталды. Соның нәтижесінде шамамен 1 миллионға жуық ауыл тұрғыны алғаш рет медициналық көмекті өз елді мекендерінде, аудан орталығына бармай-ақ алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Ұлттық жобаның бірінші міндеті аясында 2023-2025 жылдары алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 655 нысан салу жоспарланған болатын. Оның ішінде 260 медициналық пункт, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория қарастырылды.
2025 жылдың аяғына дейін барлық нысанның құрылысы тәмамдалды. Оның ішінде 99 нысан 2023 жылы, 361 нысан 2024 жылы және 195 нысан 2025 жылы пайдалануға берілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл жоба ауылдық жерде медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе ауруларды ерте анықтау, алдын алу және дер кезінде ем жүргізу үшін өте маңызды. Жаңа медициналық нысандар заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген және профилактикалық қарау, вакцинация, диспансерлік қадағалау мен алғашқы диагностика секілді алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсете алады.
Аталған жұмыстармен қоса, ұлттық жобаның екінші міндеті аясында 32 аудандық аурухананы көпбейінді орталық аудандық аурухана (КОАА) деңгейіне дейін жаңғырту жалғасуда. Қазіргі таңда елдің әр аймағындағы 9 КОАА-ның құрылыс жұмыстары аяқталса, 19 аурухананың құрылысы әлі де жүріп жатыр.
Сонымен қатар бірқатар жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары алынып, республикалық бюджеттік комиссия төрт аудандық ауруханаға құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыруды мақұлдаған. Олар: Ақтөбе облысындағы Мұғалжар және Шалқар аудандық орталық ауруханалары, Жамбыл облысындағы Шу аудандық орталық ауруханасы мен Ақмола облысындағы Атбасар аудандық орталық ауруханасы. Сондай-ақ Ұлытау облысындағы Жаңаарқа аудандық ауруханасын жаңғырту жобасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі Қаржы министрлігіне Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қаржыландыру туралы өтініш жолдады.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін барынша арттыруға, денсаулық сақтау саласының заманауи инфрақұрылымын дамытуға және еліміздің өңірлерінде медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталып отыр.
Мамандар аудандық ауруханаларды жаңғырту инсульт пен инфаркт болған кезде «алтын сағат» ішінде көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін, нәтижесінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді 20%-ға төмендетуге жол ашатынын айтады.