БЖЗҚ: 40 жыл бойы қорға 57 млн теңге жинаған азамат айына 311 мың теңге зейнетақы алады

Автор: Бақыт Шынар

Ал, жиырма жылда 17 млн теңге жинаған азамат зейнетке шыққанда ай сайын 95 мың теңге зейнетақы алмақ

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «жеткілікті зейнетақы табысы» деген терминнің мән-мағынасын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, «жеткілікті зейнетақы табысы дегеніміз - адам зейнетке шыққаннан кейін бұрынғы өмір сүру сапасын сақтап, елеулі қаржылық шектеулерді сезінбей өмір сүруіне мүмкіндік беретін төлем мөлшері».

Зейнетақы жүйесінің жеткілікті екенін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – кірісті алмастыру коэффициенті. Яғни, бұл көрсеткіш зейнеткердің бұрынғы жалақысының қандай үлесін зейнетақы ретінде алатынын көрсетеді. Қазір Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Яғни, қазір зейнеткерлер базалық зейнетақы, мемлекеттік бюджеттен төленетін «ынтымақты» зейнетақы және зейнетақы қорына түсетін міндетті әрі ерікті салымның зейнетақысын алады. Алайда, қазір мемлекеттік бюджеттен төленетін ынтымақты зейнетақы азайып келеді. Болашақта ол мүлде жойылады.

«Өйткені оны тағайындау кезінде тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ғана есепке алынады. 2040 жылдардың басында зейнетке мұндай еңбек өтілі жоқ адамдар шыға бастайды. Бұл азаматтар ынтымақты зейнетақы алмайды. Сондықтан олардың зейнетақысының мөлшері тікелей жинақталған қаражат көлеміне байланысты болады», - деп түсіндірген БЖЗҚ.

Яғни, болашақта қазақстандықтардың зейнетақысы осы қорға жинаған ақшасына байланысты болады. Зейнетақы қорының мәліметіне сүйенсек, сонда қордың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл үздіксіз қатысқан, қордағы жинақ сомасы 17 687 113 теңге болатын азамат зейнетке шыққанда ай сайын 95 805 теңге зейнетақы алады.  30 жыл үздіксіз 34 087 138 теңге жинақтаған азаматтың ай сайынғы зейнетақысы 184 мың теңге, ал, 40 жыл үздіксіз қорға 57 млн теңге жинақтаған азаматтың ай сайынғы зейнетақысы 311 мың теңге болады.

«Жинақтау кезеңі мен жарналардың тұрақтылығы базалық зейнетақы мөлшеріне де тікелей әсер етеді. 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде минималды базалық зейнетақы кезең-кезеңімен көбейіп жатыр: еңбек өтілі 10 жылға дейін болған жағдайда – күнкөріс минимумының 70%-ына дейін; ең жоғары мөлшері – 2026 жылы күнкөріс минимумының 118%-ы, 2027 жылдан бастап 120%-ы (жалпы еңбек өтілі 34 жыл және одан көп болған жағдайда). 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі тек тұрақты төленген міндетті зейнетақы жарналары арқылы ғана расталады»,  - деп түсіндірген қор өкілдері.