«Жасыл дамуға» түскен қаражат он төрт бағыт бойынша жұмсалады дейді ол
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Жасыл даму» АҚ-ға утиль алымынан түсіп жатқан қаражат қайда жұмсалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, утиль алымынан түскен қаражат қатаң бақылауда. Әр жыл сайын қаржылық саясат бекітіліп, соның аясында жыл сайынғы кіріс пен шығыс болжанады.
«Басымыз екеу емес, оны қалаған жерге жіберетін. Экологиялық кодекстің 388-бабына сәйкес 14 бағыт қарастырылған. Біз бүгін қаражатты сол 14 бағыт бойынша жұмсап отырмыз», - деді Нысанбаев Мәжіліс кулуарында.
Мәселен, бүгінгі күні орман өртін сөндіруге арналған машиналар сатып алынған. Сонымен қатар, 60 миллиард теңге қайтарымды негізде орман өртін ерте анықтау жүйесін енгізуге жұмсалған. Биыл 11 өңірде нормативке сәйкес толық жабдықтау жұмыстары аяқталмақ.
Министр былтыр утиль алымынан «Жасыл даму» компаниясында 300 миллиард теңге жиналғанын атап өтті.
«Өткен жылы кіріс бөлігі шамамен 300 миллиард теңге болды. Санаттары бойынша нақты санды ұмытып қалдым, бірақ автокөлік өнеркәсібінен 165 миллиард теңге қайтарылды», - деді Нысанбаев.