Декреттегі әйелдер жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы алатыны рас па – министрлік жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Заң бойынша, декреттегі ананың жұмыс орны сақталады

Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бала 1,5 жасқа толғаннан кейін әйелдердің жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдерді рәсімдей алатыны туралы шындыққа жанаспайтын ақпараттар таралып жатыр. Мұндай хабарламалардың авторлары азаматтарға алты ай бойы төлем алу үшін мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуді ұсынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл «схеманың» заңды негізі жоқ екенін және ол азаматтарды жаңылыстыратынын ресми түрде түсіндірді.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады, сондықтан ол жұмыссыз деп танылмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек нақты жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарға ғана беріледі. Сондай-ақ жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға тағайындалады. Олар жұмыссыз ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды орындауы тиіс. Төлем алушы жұмысқа орналасқан жағдайда бұл туралы мансап орталығын уақтылы хабардар етуге міндетті. Егер жалған мәліметтер ұсынылса, төленген қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен қайтарылады», - деп хабарлайды министрлік.

Министрлік сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді алу мақсатында әдейі жалған мәліметтер беру алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін екенін ескертті. Осындай жалған нұсқаулықтарды тарататын тұлғалар да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Былтыр 12 өңірде алаяқтық фактілері бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Бес өңірде қазірдің өзінде 7 сот үкімі шығарылды. Тергеу барысында азаматтардың әлеуметтік жарнамалық жарияланымдарға сеніп, әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемаларына тартылғаны анықталды.