Тараз соты лицензия алмай жұмыс істеген мектеп директорына айыппұл салды

Автор: Бақыт Шынар

Мектепте 7-11 сыныптағы 318 бала оқыған

Фото: istockphoto.com

Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жаңа ғимаратқа көшіп барып, лицензия алмай жұмыс істеген лицей директорына айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Соттың мәліметіне сүйенсек, мектеп Тараз қаласының шағын аудандарының біріндегі жаңа ғимаратқа көшіп барған. Алайда жаңа мекенжай бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия немесе лицензияға қосымша алмаған. Бірақ, осыған қарамастан, ғимаратта 2025 жылдың қараша айынан бастап оқу процесі басталған.

«Тексеріс анықтағандай, лицензия алмаған мектепте 7-11 сыныптар арасындағы 318 оқушы білім алған. Сотта лицей директоры хаттамада көрсетілген мән-жайларды растап, кінәсін мойындады. Сондықтан, сот оған 108 мың теңге көлемінде айыппұл салды», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.