Қазақстан араб елдерінде қалған отандастарымыз үшін алты борт дайындап қойды – министрлік

Автор: Нұргүл Абай

Әуе кеңістігінің жабылуына байланысты эвакуациялық рейстер келісілген екі бағыт бойынша орындалып жатыр

Фото: Air Astana

Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан билігі 5 мыңға жуық отандасымызға елге оралуға көмектеседі. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қақтығыс басталғаннан кейін президент жедел штаб құруды тапсырған. Қазір штаб Сыртқы істер министрлігінің базасында жұмыс істеп тұр.

«Өңірдегі шамамен 10 ел өз әуежайларын жапты, әуежай инфрақұрылымына да соққылар жасалды. Қазіргі уақытта рейстер арнайы келісілген бағыттар бойынша ғана, бірлі-жарым орындалып жатыр. Екі негізгі бағыт бар: біріншісі — Сауд Арабиясы мен Мысыр арқылы, сондай-ақ Түркия арқылы. Екінші бағыт — Сауд Арабиясы арқылы Пәкістан бағытымен Қазақстанға жету», — деді Сауранбаев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Министр жолаушылар саны үнемі өзгеріп отырғанын, бірақ шамамен 5 мың адам туралы сөз болып отырғанын атап өтті.

«Алғашқы эвакуациялық рейсті FlyDubai әуе компаниясы орындады. Қазақстан тарапынан Air Astana және SCAT әуе компанияларының алты ұшағы жұмылдырылған. Әуе кеңістігі ашылған жағдайда қосымша рейстерді тез арада жіберуге дайынбыз. Жалпы үйлестіру жұмыстарын Сыртқы істер министрлігі жүргізіп жатыр», - деді ол.