Қазақстан үш жыл ішінде 3,25 мың шақырым жолға 4,6 трлн теңге жұмсайды

Автор: Нұргүл Абай

Министр транзиттік дәліздердің құрылысына цемент-бетон жабынын таңдау керек деп санайды

Фото: istockphoto.com

Қазақстанның көлік министрлігі жол саласында 2029 жылға дейін 4,6 триллион теңгеге бес ірі жобаны іске асырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Үш жылда жалпы ұзындығы 3,25 мың шақырым болатын басым жобалар соғылады. Оған 4,6 трлн теңге қаржы көзделген. Бұл жобалар транзиттік әлеуетті арттырып, елге нақты экономикалық пайда әкеледі», - деп мәлімдеді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында.

Дәлірек айтқанда, министрлік  2029 жылға дейін мына жобаларды жүзеге асырады:  

  • Ақтөбе – Қызылорда – 1 056 км;
  • Бейнеу – Сексеуіл – 559 км;
  • Жаңаөзен – Темір-Баба – 165 км;
  • Қарағанды – Жезқазған – 572 км;
  • Орталық – Батыс – 896 км.

«Тартылатын қаражат тікелей және тұрақты макроэкономикалық әсер береді. Оның ішінде мультипликативтік әсер байқалады. Материалдар мен қызметтердің 90%-ға жуығы отандық өндірушілерден сатып алынады. Бұл өнеркәсіптің дамуына оң ықпал етеді. Жалпы алғанда, автожол саласына салынған инвестиция экономиканы дамытады», - дейді министр.

Асфальт шыдамайды

Сондай-ақ Сауранбаев транзиттік дәліз салған кезде жол жабынын дұрыс таңдау маңызды екенін атап өтті. Өйткені жаздың аптап ыстығына асфальт шыдамайды, соның салдарынан ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қоюға тура келеді.

«Қазіргі уақытта асфальт-бетон жабыны 8 тоннаға дейінгі осьтік жүктемеге есептелген. Көп интенсивтік қозғалысты және ыстық кезінде асфальт шыдамайды. Осыған байланысты жазғы мерзімде күндіз жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл транзиттің дамуына кедергі келтіреді. Ал цемент-бетон жабыны ауыр жүктемеге төзімді. Қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді. Осындай жағдайда транзиттік дәліздерде жол жабынын дұрыс таңдау маңызды», - деп атап өтті министр.