Жоба аясында депутат елдің оңтүстігі мен шығыс өңірлеріне сапар жасады
«Халық айтса, қалт айтпайды». Ел ішіндегі өзекті мәселелерді кабинеттен емес, халықтың ортасына барып тыңдау мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениетіне айналып келеді. Бұған «АMANAT» партиясының қолдауымен қалың бұқараға жол тартқан «Халық сөзі» жобасы дәлел. Жобаға жетекшілік ететін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев осы жолы елдің барлық аймақтарын аралап, президент тапсырмаларының орындалу барысын өз көзімен көріп, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап қайтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Халық сөзі» жобасының кезекті маусымы Павлодар облысының Екібастұз қаласынан басталды. Естеріңізде болса, дәл осы шаһардың 13 мыңға жуық тұрғыны 2022 жылдың қақаған қысында жылусыз қалып, халықтың басына ауыртпалық түскен. Бет қаритын үскірік аязда әбден жаураған жұрт, тіпті көшеде от жағып, жылынуға мәжбүр болған. Алайда бұл тек бір қаланың проблемасы емес еді. Іске қосылғанына жетпіс жыл болған Екібастұз жылу электр орталығындағы апат елдегі энергетикалық инфрақұрылымның шынайы ахуалын, жылдар бойы түйіні тарқамаған түйткілдің бетін ашты.
«Халық сөзі» жобасының түсірілім тобы Екібастұз ЖЭО-ға арнайы барып, станцияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Мамандармен жүздесіп, қазандықтардың жұмысын көріп, апаттан кейінгі ахуалдың қалай өзгергенін өз көзімен бағамдады.
«2022 жылы мен күндізгі ауысымнан шыққан едім, ал төтенше жағдай түнде басталды. Негізі, сырттағы жұрт білмеуі мүмкін, бірақ станцияның ішінде жұмыс істеп жүргендер мұндай апат болатынын алдын ала сезді. Себебі жабдықтардың тозу деңгейі тоқсан пайызға жеткен еді. Кейбір әріптестеріміз жауапкершіліктің ауыр екенін түсініп, жұмыстан кетіп те жатты. Өйткені қандай да бір жағдай бола қалса, ең алдымен сол сәтте ауысымда тұрған қарапайым жедел персонал жауап береді. Біз психологиялық әрі моральдық тұрғыдан дайын болдық десек те болады. Дегенмен қала тұрғындары, тіпті көршілеріміздің өзі бізге реніш білдірген кездер болды», - деп еске алды сол бір ауыр күндерді ЖЭО қызметкері.
Десе де, билік бұл оқиғадан сабақ алды. Президенттің тапсырмасымен инвестиция тартылып, қазандықтар мен жылу желілеріне күрделі жөндеу жасалды. Нәтижесінде елдегі жұмыс істеп тұрған 37 ЖЭО-да орташа тозу деңгейі 64 пайыздан 61 пайызға дейін төмендеді. Бұл жөндеу жұмыстарынан кейінгі оң өзгерісті көрсетеді. Қазандықтар мен турбиналарда күрделі жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын табады.
«Жылу электр орталықтары жай ғана өндіріс орны емес, ол әр шаңырақтың жылуы, әр шамның жарығы, әр кәсіпорынның тоқтаусыз жұмысы. Бір ЖЭО-дағы ақау тұтас қала тіршілігін тежейді, сондықтан бұл мәселе энергетиктердің ғана емес, бүкіл қоғамның назарында болуы тиіс. Алдағы жылдары негізгі міндет – инфрақұрылымды кешенді жаңғырту, қауіпсіздік талаптарын күшейту, экологиялық жүктемені азайту. Энергетикалық қауіпсіздік – ел тұрақтылығының негізі. Жылу электр орталығының сенімді жұмысы – халықтың тыныштығы мен экономиканың беріктігінің кепілі», - дейді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Бүгінде Екібастұз жұрты «үйіміз жылы, арыз-шағымымыз жоқ» дейді. Дегенмен, қала халқының әлеуметтік мәселелері де баршылық: оларды жалақының аздығы, жастарға арналған инфрақұрылымның тапшылығы алаңдатады.
2022 жылдың маусымында Қазақстан картасында жаңа үш облыс пайда болды. Соның бірі – Абай облысы, ал орталығы болып қазақ руханиятының алтын бесігі Семей қаласы таңдалды. Бұл жай ғана әкімшілік өзгеріс емес, тарихи әділеттің салтанат құруы еді. Содан бері арада төрт жыл уақыт өтті. Осы аралықта өңір келбеті қалай түрленді? Нартай Сәрсенғалиев бастаған «Халық сөзі» жобасы Абай еліне де ат басын бұрды.
«Облыс құрылғанда бюджеттің көлемі 251,3 миллиард теңге болған, ал 2025 жылы Абай облысына қазынадан бөлінген қаржы екі есеге артып, 504 миллиард теңгеге жетті. Шығындардың негізгі бөлігі – 227,3 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған, білім саласына – 177,6 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 14,8 млрд теңге бөлінді», - дейді Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі.
Төрт жыл ішінде Семейдің әлеуметтік-экономикалық келбеті айтарлықтай өзгерген. Өңірде инфрақұрылымға басымдық беріліп, жаңа жолдар салынып, бұрыннан тозығы жеткен көшелер кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Инвестициялық жобалар іске қосылып, өндіріс пен қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Қалада тұрғын үй құрылысы жанданып, жаңа шағын аудандар бой көтеруде. Соның арқасында көші-қон үдерісі де оң сипат алып, халық саны біртіндеп өсіп келеді.
Алайда проблема жоқ емес: жылу тапшылығы Семейде де сезіледі. Бұл мәселені облыс әкімдігі де мойындап отыр.
«Семейдің оң жағалауында қаланы дамытуға қажетті 147 Гкал жылу жетіспейді. Қазіргі уақытта біз бұл жағдайды тұрақты ұстап отырмыз, бірақ инвестор келген жағдайда оларға қосымша жылу бөлу мүмкін емес. Сол себепті қаланы толық қамтамасыз ету мақсатында жаңа ЖЭО салу туралы шешім қабылданды. Құрылысы биыл басталады», – деп мәлімдеді Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр.
Жылу электр орталығының бірінші кезеңі 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Энергетика нысаны үйлерге жылу таратып қана қоймай, электр қуатын да өндіреді.
«Халық сөзі» жобасының келесі аялдамасы – туристік әлеуеті зор, көркем табиғатымен көз тартатын Шығыс Қазақстан.
Былтыр өңірдегі туристік нысандарға 150 шақырым жол салынып, оған 5 млрд теңге қаражат жұмсалған. Алдағы екі-үш жылда туризм саласына 59 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Марқакөл, Қатон-Қарағай туристік аймақтары мен пантомен емдеу орталықтарын іздеп келетін шетелдік туристердің қарасы артып келеді, әсіресе Ресей мен Қытайдан келетіндердің саны көбейген. Дегенмен туристерге қызмет көрсету жағы әлі де ақсап тұр: жол бойында дәретханалар жоқ, ал сервистік инфрақұрылым жеткіліксіз.
«Туризмде түйткіл аз емес. Шалғайда орналасқан туристік орындарға жету мұң, инфрақұрылымның тапшылығы өз алдына. Интернет пен энергия қуатының болмауы саладағы көп кінәраттың бірі. Тәулік бойы жұмыс істейтін медицина, полиция бекеттері, төтенше жағдайларда құтқару қызметтерін жедел түрде ұйымдастыру жағы талайдан бері ақсап тұр. Туристік орындардағы дәмханалар мен дүкендер де бағалар да қымбат», - дейді өңірге барған депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Ал туристік блогер Сымбат Рамазановтың айтуынша, туризм саласында гидтердің кәсіби деңгейі өте маңызды және бұл мәселе республикалық деңгейде шешілуі керек. Кейбір гидтар туристерге тарихымызды дұрыс жеткізбей, ақпаратты бұрмалайды.
Сондай-ақ ол қонақүй мен мейрамхана салған кезде еуропалық стильге еліктеудің орнына, Қазақстанның ұлттық дәстүрлерін көрсетуге басымдық беру керек деп санайды.
«Еуропалықтарға Қазақстанның еуропалық стилі емес, өзіміздің ұлттық мәдениетіміз, етіміз, шұбат-қымызымыз, құртымыз қызық. Шетелдіктер киіз үйде тұрып көріп, атқа мінгісі келеді. Сондықтан біз этнотуризмге бет бұруымыз керек, ол біздің құндылығымыз», - дейді блогер.
«Халық сөзі» жобасының тобы Алматыдағы ғылыми зертханаларға барып, студенттермен кездессе, ал Қонаев қаласында еңбек адамдарына арнайы шығарылым арнады.
Соңғы жылдары Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы айтарлықтай артты: 23 млрд теңгеден 250 млрд теңгеге жетіп, гранттық және бағдарламалық қаржыландыру жүйесі кеңейіп, үздік жобаларды іріктеуге мүмкіндік туып отыр. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, жас мамандар баспаналы болып жатыр.
«Дегенмен жалпы ішкі өнімге шаққанда ғылыми шығын әлі де төмен, бұл алдағы міндеттердің бірі», - дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Студенттердің шәкіртақысы артты, жастарға оқу мен жан-жақты дамуға барлық жағдай жасалып жатыр. Жатақханалармен қамту деңгейі өсіп, университеттер болашақ мамандардың біліктілігін көтеру үшін шетелдік жоғары оқу орындарымен жемісті байланыс орнатуда.
Еңбек адамына құрмет – ел дамуының маңызды кепілі. 2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, өндіріс алаңдарында, зауыт цехтарында, егіс басында тер төккен қарапайым қызметкерлердің еңбегі еленді. Кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы қабылданып, жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру, кадр даярлаудың сапасын арттыру және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шаралары қолға алынды.
Депутаттың ақпаратынша, бүгінде 772 колледжде 565 мың студент білім алады, олардың шәкіртақысы екі есеге өскен. Өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып жасалған жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандар даярлау, жұмыс орындарын құру және жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сонымен қатар, кәсіпорындармен бірлесіп мектептерде мың бейінді сынып ашылды. Осылайша Жұмысшы мамандықтар жылында елімізде еңбекке құрмет пен кәсіби білім берудің жаңа деңгейі қалыптасты.
«Халық сөзі» жобасы Шымкентке де арнайы барып, дәрігерлер мен мұғалімдердің жағдайына назар аударды. Соңғы жылдары педагог мәртебесін көтеру ісі жүйеленіп, жас мұғалімдерге қолдау көрсетіліп келеді. Медицина саласында «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы енгізіліп, жалақы мен шәкіртақы артты, жас мамандар тәжірибелі дәрігерлерден тағылым алып, кәсібіне тез бейімделіп кетуіне жағдай жасалып жатыр.
Ауыл халқының басты күнкөріс көзі – ауыл шаруашылығы саласы да «Халық сөзі» жобасының назарынан тыс қалған жоқ.
Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл халқының әл-ауқатын көтеру мақсатында 2023 жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асып келеді. Жоба аясында шаруалар 2,5 пайызбен несие алып, мал шаруашылығын дамытып, кооперативтер құрылып жатыр.
«Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша 32 орында тұр. Бұл жақсы көрсеткіш, бірақ бұл қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Қазақстанда ауыл шаруашылығының әлеуеті зор, мүмкіндіктерді әлі де толық қолданбай отырмыз. Мемлекеттік бағдарламалар нақты нәтижеге бағытталғанда ғана ауыл еңсесі көтеріледі, аграрлық сала жаңа деңгейге көтеріледі», - дейді жоба жетекшісі.
Оның айтуынша, жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жеткен. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артқан.
Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдағы қауіпсіздіктің, әділдік пен қоғамдық тәртіптің басты кепілі. «Халық сөзі» жобасы осы қағидаттың нақты қалай іске асып жатқанын көру үшін Жамбыл облысындағы Құмтиын ауылына ат басын тіреген. Ауыл халқының ішімдіктен бас тартқанына бес жылдан асыпты, дүкендерде арақ-шарап сатылмайды, ал қылмыс соңғы бірнеше жылда мүлде тыйылған.
Құқық қорғау органдары ауыл ақсақалдарымен кеңесіп, облыстағы тағы төрт ауылда осындай тәжірибе енгізуді жоспарлап отыр.
Айтпақшы, өңір тұрғындары оңтайлы сәтті пайдаланып, жоба барысында жаңа Конституция жобасына қатысты ой-пікірлерін білдіріп, маңызды баптарға назар аударды.