Қазақстанда дәрі-дәрмекті тіркеу мерзімі қысқарады

Автор: Нұргүл Абай

Денсаулық сақтау министрлігі елге қажет дәрілер бойынша өзі бастама көтеріп, тіркеуге өтінім бере алады

Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісі дәрі-дәрмекті тіркеу тәртібін жеңілдететін тиісті түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғылым мәселелері бойынша түзетулер аясында дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу тәртібін композиттік мемлекеттік қызмет форматында оңтайландыру нормалары мақұлданды.

Қазір дәріні тіркеу немесе қайта тіркеу 210 күнге дейін, шамамен 7 айға созылады, енді бұл мерзім 100 күнге дейін қысқарып отыр. Нәтижесінде жаңа дәрілер нарыққа тезірек шығып, пациенттер қажетті препараттарға жылдам қол жеткізеді.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігіне фармацевтикалық компаниялардың өтінімдерін күтпей-ақ, Қазақстан үшін қажетті дәрі-дәрмекті тіркеуге өз бетінше өтінім беру құзыреті беріледі.

Бұдан бөлек, дәрілік заттарды өндіруде қолданылатын заттар мен субстанциялардың сапасын бақылау тетігі енгізіледі.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында референс-орталықтар құру туралы түзетулер мақұлданды. Олар жоғары технологиялық медициналық көмектің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етіп, диагностиканың дәлдігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесіне әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.