Қазақ ғалымдары семіздік пен диабетке қарсы пайдалы таңғы ас ойлап тапты

Автор: Нұргүл Абай

Диеталық құрғақ таңғы асты келер жылы нарыққа шығару жоспарланып отыр

Фото: АШМ

Қазақ ғалымдары денсаулыққа пайдалы жаңа құрғақ таңғы ас әзірлеп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратынша, бұл өнім семіздік, 2 типті қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектеседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақ тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары диеталық құрғақ таңғы ас өндірісінің инновациялық технологиясын әзірлеу жұмыстарын аяқтап қалды.

Мамандардың айтуынша, қазіргі тамақ мәзірі рафинадталған көмірсуларға бай, ал тағам талшықтары, витаминдер мен минералдық заттар тапшы деуге болады. Бұл проблема әсіресе құрғақ таңғы аста айқын көрінеді, өйткені нарықтың негізгі бөлігі қант мөлшері жоғары және биологиялық құндылығы төмен импорттық өнімдерге тиесілі.

Ал ғалымдар ойлап тапқан жаңа ас отандық дәнді дақылдардан жасалады және өңдеу кезінде пайдалы қасиеттерін жоғалтпайды.

«Оның құрамында тағам талшықтары, В тобы витаминдері және минералдар көбірек, ал энергетикалық тығыздығы төмен болады. Қазіргі нарықтағы баламалардан айырмашылығы – жаңа құрғақ таңғы ас диеталық және профилактикалық тамақтану бөлігі ретінде ұсынылады, көмірсу алмасуын қалыпқа келтіруге, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартуға және дене салмағын бақылауға септігін тигізеді», - деп мәлімдеді АШМ.

Ғалымдар өнімнің дайындалу тәсілі мен өндіріс технологиясын әзірлеп қойған. Келер жылы оны нарыққа шығару жоспарланып отыр.