Қазақстанда дизель отыны тапшы болмауы үшін әлі 6-7 жылдай күтуге тура келеді

Автор: Нұргүл Абай

Биыл тапшылық 650-700 мың тоннаны құрайды, оны көрші елдерден импорттау жоспарланып отыр

Фото: istockphoto.com

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев дизель отынының тапшылығын жою үшін әлі алты-жеті жылдай күтуге тура келетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, дизель отынының тапшылығы зауыттарды кеңейту және төртінші зауыт салу арқылы шешіледі.

«Дегенмен қазір дизель отынының тапшы болуының басты себебі – бағасының көрші мемлекеттермен салыстырғанда төмен болуы. Кеден одағына байланысты көрші елдердің автокөліктері бізге келіп, дизель отынын құйып әкетеді. Осылайша дизель отыны сыртқа кетіп жатыр. 2032 жылға дейін біздің үш зауытымыз модернизациядан өтіп, жаңа зауыт салынғаннан кейін бұл мәселені шешеміз деп ойлаймыз», - деді Тұтқышбаев Мәжіліс кулуарында.

«Сонда әлі он жыл күтуге тура келе ме?» деп нақтылаған сұраққа:

«6-7 жылдай күту керек», - деп жауап берді вице-министр.

Тұтқышбаевтың ақпаратынша, биыл 650-700 мың тонна дизель отыны тапшы болып тұр.

«Бұл көлем бізге көрші мемлекеттерден әкелінеді. Себебі дизель отыны мен авиаотын бір фракциядан шығатын нәрсе. Сондықтан дизель отыны деңгейін едәуір көтеретін болсақ, авиаотынның көлемін түсіруіміз керек. Ал біз екеуін де елу де елу ұстап отырмыз», - деп атап өтті шенеунік.