«Тіпті мемқызметкерлер де пайдаланбайды»: Тоқаев Aitu мессенджеріне Үкімет көңіл бөлмей отырғанын айтты

Автор: Нұргүл Абай

Президент EGov AI деп аталатын әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін әзірлеуді тапсырды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің отандық Aitu мессенджеріне жеткілікті көңіл бөлмей отырғанын сынап, мемлекеттік қызметкерлердің өзі оны пайдаланбайтынын ашық айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Менің байқауымша, Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды. EGov AI деп аталатын әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін (ассистентін) әзірлеу керек. Барлық азаматқа қолжетімді болатын осы жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басады», - деді ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің айтуынша, әлеуметтік қолдау шараларын басқаратын инфрақұрылымды, яғни Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасын нақты айқындап алу қажет.