«Инфрақұрылым жеткіліксіз»: президент ерекше көңіл бөлуді қажет ететін облыстарды атады

Автор: Темірхан Айжан

Аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орташа есеппен алғанда – 64,1 пайыз

Фото: Абай облысының әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс басшыларының экономиканы әртараптандыруға және азаматтардың табысын арттыруға баса мән беруге тиіс екенін еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Менің тапсырмаммен былтыр 2030 жылға дейін аймақтарды дамытуға арналған тұжырымдама бекітілді. Басты мақсат – өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Өткен жылғы даму қорытындысы туралы айтар болсақ, аймақтардың экономикасы тұрақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ шешімін таппаған мәселелер бар», - деді ол.

Президент атағандай, аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орташа есеппен алғанда – 64,1 пайыз. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі, айтарлықтай алшақтық бар.

«Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет. Аймақ басшылары экономиканы әртараптандыруға және азаматтардың табысын арттыруға баса мән беруге тиіс», - деді ол.

Мемлекет басшысы инфляцияны төмендету үшін тиімді шаралар қабылдап, сапалы инвестиция тартуы керегін, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет екенін айтты.