Былтыр 220 әйел жұмыртқа жасушасын мұздатқан
Жүктілік пен ана болу мәселесі қазір көп әйел үшін саналы түрде жоспарланатын маңызды шешімге айналды. Білім алу, мансап құру, қаржылық тұрақтылыққа жету немесе денсаулыққа байланысты себептер әйелдерді ана болуды кейінге қалдыруға итермелейді. Осындай жағдайда заманауи медицина ұсынатын тиімді тәсілдердің бірі – жұмыртқаны мұздату. Бұл әдіс әйелге репродуктивті мүмкіндігін сақтап, болашақта ана атану жоспарын өзіне қолайлы уақытқа шегеруге мүмкіндік береді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жұмыртқа жасушасын мұздату идеясы ХХ ғасырдың ортасында пайда болды. Алғашында ғалымдар сперматозоидтар мен эмбриондарды мұздатумен тәжірибе жасаған, себебі олар суыққа төзімдірек еді. Ал әйелдің жұмыртқа жасушасы (яйцеклетка) өте нәзік болғандықтан, ұзақ уақыт бойы оны сәтті мұздату мүмкін болмады.
1980-жылдары алғашқы сәтті тәжірибелер жасалды, бірақ нәтижелері тұрақсыз болды, мұздату кезінде жасуша зақымданып, кейін ұрықтану деңгейі төмен еді. Сондықтан бұл әдіс кең қолданысқа енбеді.
Нағыз серпіліс 2000-жылдардың басында болды. Ғалымдар витрификация деп аталатын әдісті енгізді. Бұл өте жылдам мұздату технологиясы, мұнда мұз кристалдары түзілмейді, сол себепті жұмыртқа жасушасы зақымданбай сақталады. Осы әдістің арқасында мұздатылған жұмыртқа жасушаларының өміршеңдігі күрт артты.
2012 жылы Америкалық репродуктивтік медицина қоғамы (ASRM) жұмыртқа жасушаларын мұздатуды «эксперименттік әдіс» мәртебесінен алып тастады. Осы сәттен бастап ол бедеулікті емдеуде және фертильділікті сақтауда ресми, қауіпсіз тәсіл ретінде танылды.
Қазіргі технологиялардың арқасында мұздатылған жұмыртқа жасушалары 10–20 жыл және одан да ұзақ уақыт сақталып, кейін сәтті қолданылуы мүмкін.
Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығы президенті, денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс репродуктологы Вячеслав Локшиннің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда криоконсервация 2010 жылы басталған.
Елімізде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу тәртібі арнайы бұйрыққа сәйкес алынады.
Сонымен қатар, эмбриондарды және репродуктивтік ағзалар мен тіндерді криоконсервациялау пациенттің қалауымен және медициналық көрсетілімдер бойынша жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, жұмыртқа жасушаларын мұздату міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде көрсетілетін қызметтер тізіміне кірмейді.
2025 жылы 220 әйелдің жұмыртқа жасушалары мұздатылған. Ал соңғы 15 жылда шамамен 1800 әйел бұл қызметті пайдаланыпты.
Клиникаларда жұмыртқа жасушасын мұздатудың бағасы түзілген жұмыртқа жасушасының санына қарай реттеледі. Мұздатуға бел буған қыз-келіншектер сабырлы бола түсуі керек. Жұмыртқа жасушаларын мұздату процесі қалай жүретінін алматылық Алуа Ибраеваның тәжірибесінде түсіндіруге тырыстық.
Алуа Ибраева 36 жасында криоконсервация, яғни аналық жұмыртқаны мұздатуға не түрткі болғанын айтып берді. 2025 жылдың қаңтарында оның сол жақ аналық безде «кистаның» пайда болуына байланысты түтігін алып тастаған.
«Ол кезде менде бір миома болған еді. Отадан кейін қалпына келу процесін қадағалау үшін қабылдауларға барып тұрдым. Жазда маған дәрігер жатырда қайта екі миома өскенін айтты. Сол жақ аналық безді алып тастау керек деді. Мен мұндай шешімге көнбедім. АМГ (анти-мюллер гормоны) тестін тапсырдым. Егер жұмыртқа жасушыларының саны көп болса, жүктілік мүмкіндігі жоғары болады. Сараптама 8-ді көрсетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Аналық бездерім бар, жасым қолайлы кезде жұмыртқа жасушаларын мұздатамын деп шешім қабылдадым. Оның үстіне Репродуктивті медицина институты дәл менің жұмысыма қарама-қарсы орналасқан еді», - дейді Алуа.
Алуа Ибраева атағандай, бұл жолда оны екі нәрсе шошытқан. Олар: процедураның бағасы және тапсыруы керек сараптамалардың саны.
«Бірақ көз қорқақ, қол батыр» деп бекер айтпайды ғой. Қыркүйек пен қазан айларында репродуктолог-эндокринолог, гинеколог-онколог дәрігерлерді араладым. Миома кистасының гормондарды қабылдауда өсіп кету ықтималдылығы да алаңдатты. Соңында маған жұмыртқа жашушасын мұздату мен ЭКО жасатуға қарсы көрсеткіш болмады»,- дейді ол.
Алуаның айтуынша, үнемдеу мақсатында кейбір анализдерді тіркелген мемлекеттік емханада тапсырған.
«Жұмыртқасын мұздатуды көздегендер болса, сабыр тілеймін. Себебі анализ бен дәрігерлерге аз жүгірмейсің. Жұмысқа дейін, одан сұранып клиникаларды жағалайсың. Осы аралықта көктамырдан бірнеше мәрте қан алды», - деді ол.
Алуа Ибраева атағандай, мұздатуға дайындық кезіндегі ең қымбатқа шыққаны гормоналдық терапияға арналған дәрілер.
«9 күн екпе алғаным үшін 400 мың теңге төледім. 4 күндік егуден кейін 20 жұмыртқа жасушасы түзілді. Осындай процесті жасаған құрбыларым гормонның әсерінен толғанын, іскенін айтқан еді. Менде барлығы қалыпты болып өтті. 6 қарашада пункция жасап, өскен жұмыртқаларды алу процесі өтті. Наркозбен жасалған ота 15 минутқа созылды. Наркоздан кейін демалу бөлмесінде өзімді жаман сезіндім. Дәрігерлер ауырсынуды басатын дәрі екті. Бірақ осындай процедура жасатқан өзге қыздар бірден үйлеріне тарады. Мен ең соңғы болып шықтым», - деп бөлісті Алуа Ибраева.
Оның айтуынша, 20 жұмыртқаның 16-сы сапалы болып, мұздатуға жараған.
«Бұл өте жоғары көрсеткіш. Дәрігерлер де нәтижеге риза болды. Сондықтан кім жұмыртқа жасушасын мұздатуды ойлап жүрсе, қорықпай жасату керек. Мен барлық талдау, гормоналдық терапияны қосқанда жұмсаған сома құны 1,1 млн теңгені құрады. Жұмыртқа жасушасын сақтау үшін айына 4 мың теңге төлеп отыру керек. Мен жарты жылға ақша төлеп қойдым. Егер бір айы төленбей қалса, жұмыртқаларды жойып жібереді», - дейді ол.
Болашақта Алуа ана болуға дайын болған кезде осы жасушаларын қайтадан өз жатырына салдырып, жүкті бола алады.