«Ірі қара малды тартып алып, қырып жатыр»: АШМ желідегі видеоға қатысты мәлімдеме жасады

Автор: Нұргүл Абай

Елімізде ешқандай шектеу енгізілген жоқ, деп сендірді АШМ

Фото: istockphoto.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік желіде ірі қара малды тәркілеп, жойып жатқаны туралы тараған бейнематериалдардың Қазақстанға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда шектеу шараларын енгізу туралы шешімдер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын тәркілеу және жою жөнінде нұсқамалар қабылданған жоқ. Тек ресми мәліметтерге сенуге және халық арасында негізсіз алаңдаушылық тудыратын тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз», - делінген ресми хабарламада.

АШМ малды тәркілеу немесе мәжбүрлі түрде жоюға қатысты кез келген іс-шаралар қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтай отырып, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының шешімімен және әкімдіктер міндетті түрде шектеу шараларын енгізген жағдайда жүргізілетінін атап өтті. Мұндай жұмыстарды республикалық эпизоотияға қарсы отряд қана орындайды.