Тарихи сабақтастық ешкімді бөліп-жармайды, қайта қоғамды біріктіреді – депутат

Автор: Нұргүл Абай

Мәжіліс депутаттары жаңа Конституцияның жобасы жайлы пікір білдіріп жатыр

Фото: parlam.kz

«Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуы — тарихи сабақтастықты құқықтық деңгейде бекітудің айқын дәлелі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркін Әбіл  айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат жаңа Конституция жобасында тарихи сабақтастық ұстанымы алдыңғы қатарға шығарылып, преамбулада айқын көрініс тапқанын атап өтті.

«Бұл мемлекеттің мыңжылдық даму тарихын, ұлттық мәдени кодын және басқару тәжірибесін құқықтық негізде бекітетін нақты норма. Осы тұрғыдан алғанда, «Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуы — тарихи сабақтастықты құқықтық деңгейде бекітудің айқын дәлелі. Ұлы дала ұғымы — эмоциялық немесе поэтикалық тіркес емес, Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи кеңістігін, мәдени кодын және философиясын сипаттайтын нақты өркениеттік ұғым. Тарихи сабақтастық елдің өткенін, бүгінін және болашағын жалғайтын құқықтық көпірге айналады. Ол өзімізге де, басқа елдерге де мемлекетіміздің терең тамырын, ұлттық дәстүрін және өркениеттік сабақтастығын көрсетеді», - деді Әбіл Мәжілістің жалпы отырысында.

Айтуынша, бұл ұстаным халықаралық тәжірибеге де толық сай келеді. Қытай, Венгрия, Польша, Литва секілді мемлекеттер өз Конституцияларында тарихи сабақтастықты ұлттық егемендіктің негізі ретінде нақтылаған.

«Бұл елдер оны қандай да бір қауіп төндіреді деп қабылдады дейсіздер ме? Жоқ. Бұл ешқандай артықшылық та емес, бөлінушілік те тудырмайды. Керісінше, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын нығайта түседі. Қазақстан үшін бұл — қисынды әрі әділетті қадам. Ең бастысы, бұл норма ешкімді бөліп-жармайды, қайта ортақ тарих пен ортақ құндылықтар төңірегінде қоғамды біріктіреді. Әріптесім атап өткендей, бұл тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанды ортақ отаным деп санайтын барлық азаматтың тарихы мен сабақтастығын көрсетеді», - деді мәжілісмен.

Еркін Әбіл егемендік пен тәуелсіздік — Конституцияның басты қағидаттары екенін айтты.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, тәуелсіздік — бәрінен қымбат. Жаңа Конституцияда бұл құндылық мемлекеттік және қоғамдық өмірде басшылыққа алынатын негізгі қағида ретінде бекітілді. Мемлекеттің унитарлық сипаты — тұрақтылық пен біртұтастықтың кепілі. Қолданыстағы Конституцияда Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп көрсетілген. Ал жаңа Конституцияда бұл тұжырым нақтыланып, «Қазақстан Республикасы — унитарлы мемлекет, басқару үлгісі — президенттік республика» деп айқындалады. Бұл жерде бір нәрсені нақты түсінуіміз керек: бұл норма мемлекеттің аумақтық тұтастығын, құқықтық кеңістіктің біртұтастығын және басқару жүйесінің айқындығын қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Еркін Әбіл.