«Үш баласы бар әйел болып шықты»: Қосшы тұрғыны «сүйіктісіне» 1,5 млн теңге қалың мал төлеп, алданып қалған

Автор: Бақыт Шынар

Ер адам полицияға арыз жазып, алаяқтыққа қатысты іс қозғалған

Фото: ЖИ жасаған коллаж

Астана түбіндегі Қосшы қаласының полициясы 28 жастағы ер адамның арызын қарап жатыр. Іс материалдарына сүйенсек, оны «сүйіктісі» 1,5 млн теңгеге алдап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зардап шеккен жігіттің айтуынша, 2025 жылдың жазында ол әлеуметтік желі арқылы «жас қызбен» танысқан. «Бойжеткен» өзін Шымкент қаласының тумасы деп таныстырып, жігіттің сеніміне кірген. Бірнеше рет кездескеннен кейін екеуі шаңырақ көтеруге бел буып, Астанадан пәтер жалдап, бірге тұрған. күйеу жігіт қалыңдықты ата-анасымен таныстырған. Бірақ, қыз оны туыстарымен таныстыруға асықпаған көрінеді.

Арада бірнеше ай өткенде «бойжеткен» аяғы ауыр екенін айтқанда, жігіттің ата-анасы қыздың туыстарына қалың мал ретінде 950 мың теңге, ал қыздың өзіне алтын әшекейлер алып берген. алтындардың құны – 600 мың теңге болыпты.

«Пәтер ақыны арзандату үшін олар Астанада Қосшыға көшіп барған. Содан кейін ақшаны алған қыз жігіттіі қоңырауларына жауап бермей, жоғалып кеткен. Кейін жігіт сүйіктім деп ойлап жүрген қыздың үш баласы бар, бұрынғы күйеуі бар екенін білген. Осылайша, алданғанын түсінген ол 31 қаңтар күні полицияға арыз жазған», - деп хабарлайды Ақмола полициясы.

Қазір облыстың полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, зардап көлемін 1,5 млн теңге деп бекіткен. Әйел әлі табылған жоқ.