Ішкі істер министрлігі халыққа ескерту жасады
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы ақпараттар көбейді. Осылай деп дабыл қаққан Ішкі істер министрлігі бірнеше мысал келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасына қатысты, фактілерді әдейі бұрмалау және жалған мәліметтер тарату жағдайлары тіркеліп жатыр. Мұндай әрекеттер азаматтарды жаңылыстырып, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Мысалы, ІІМ-нің дерегіне сүйенсек, Алматы қаласының тұрғыны жаңа Конституция жобасында енді шетелдіктер жерді сатып ала алады деген жалған ақпарат таратқан.
Ішкі істер министрлігі департаментінің бастығы — ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және оларды Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ресми түрде жоққа шығарған. Осыған байланысты аталған азамат жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылған.
«Сондай-ақ, Абай облысында Семей қаласының тұрғыны жаңа Конституция жобасында мемлекеттің унитарлығы мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін түзетулер бар деген жалған ақпарат жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Шын мәнінде, бұл қағидаттар жаңа Конституция жобасында керісінше тікелей бекітіліп, күшейген», - деп хабарлайды ІІМ.