Еңбек министрлігі былтырғы көрсеткіштер жария етті
Былтыр Қарағанды облысы мен Шымкент қалаларында тұрғын үйдің жалдау ақысына мемлекеттен көмек алғысы келген 2300-ден астам отбасының 913-і ауқатты болып шыққан. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, былтыр Еңбек министрлігі осы екі аймақта азаматтардың әл-ауқатын бағалаудың скорингтік моделі енген болатын. Модель енгеннен бастап 27 мыңнан астам өтініш түскен.
«Тұрғын үй көмегін тағайындау», «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау» және «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» сияқты үш қызметті тағайындау кезінде пилоттық аймақтарда скорингтік модель қолданылады. Жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға 2 356 өтініш түсті. Скорингтік модель бойынша оларды қарау нәтижесінде 913 отбасының әл-ауқатты екені анықталды», - деп хабарлайды Еңбек министрлігі.
Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметіне өтініштер қабылдана бастады. Барлығы 1 741 өтініш түсіп, ұпай саны бойынша оның 44-і ауқатты отбасылар екені анықталған.