ШҚО-ға коронавируспен күресуге Татарстаннан білікті 20 дәрігер көмекке келеді

Автор: Azattyq Rýhy

ШҚО – республика бойынша қатаң карантин режимін енгізген өңірдің бірі

Шығыс Қазақстан облысына тамыз айының басында коронавируспен күресте көмек көрсетуге Татарстан Республикасынан бірнеше білікті дәрігер келеді. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов онлайн-брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бізге білікті мамандар қажет екенін ескеріп, мен кеше және бүгін Татарстан президенті Рустам Нұрғалиұлымен келіссөздер жүргіздім. Бүгін менің орынбасарым Шәкәрім Сабырұлы Татарстан  Республикасының Денсаулық сақтау министрімен келіссөздер жүргізді. Жақын арада Татарстаннан облысқа өте білікті деген 20-дан астам дәрігер келіп, біздің мамандармен тәжірибелерін бөліседі», - деді әкім.

Еске салайық, ШҚО – республика бойынша қатаң карантин режимін енгізген өңірдің бірі. Облыстағы коронавирус инфекциясы көп тараған қалалар мен аудандарда сенбі-жексенбі күндері қозғалыс барынша тоқтатылуда. Әкімнің айтуынша, қалада тақ күні тек тақ сан таққан нөмірлі көліктер, жұп күні тек жұп сан таққан нөмірлі көліктер жүргізілуде. Әр үйден күніне бір адам ғана дүкенге, дәріханаға рұқсат қағазы арқылы ғана шығады.

Бүгінгі таңда облыстағы стационарлық ауруханалардың 30%-ында ғана науқастар жатыр. Сондай-ақ, өңірдегі дәрі-дәрмек қоры да бір айға жететіндей қамтамасыз етілген. Облыс әкімдігі жақында өкпені жасанды желдетуге арналған 50 аппарат сатып алған, оның 25-і іске қосылған.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан