«Таза Қазақстан» бағдарламасы экологияны қорғаудың әрбір азамат үшін қаншалықты маңызды екенін іс жүзінде көрсетті дейді ол
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Ата заңға ұсынылып отырған өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен елдің жаңа Ата заңында азаматтардың табиғатты қорғау міндетін бекіту идеясын қолдаймын. Президент бастамашы болған «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологияны қорғаудың әрбір азамат үшін қаншалықты маңызды екенін іс жүзінде көрсетті. Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз және байырғы қазақ жерінде тұрақты, жайлы әрі таза елде өмір сүргіміз келеді, мемлекетімізді нығайта отырып дамуды қалаймыз. Табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын Конституциялық деңгейде бекіту арқылы біз қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сақтаймыз», - деді Пономарев отырыста.
Оның айтуынша, Конституцияның 31-бабы туралы сөз болып отыр. Оның 1-тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті» деп көрсетілген. Ал 3-тармағында «Лауазымды адамдардың адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін фактілер мен мән-жайларды жасыруы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады» деп жазылған.
«Сонымен қатар, журналист ретінде сөз бостандығы туралы баптың және цензураға тыйым салу жөніндегі баптың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Біз бүгін осында болып жатқан процестер арқылы, атап айтқанда, комиссия жұмысының тікелей эфирде өтуі арқылы ашықтықты өз ісімізбен көрсетіп отырмыз. Конституциялық өзгерістер мемлекет негіздеріне және қоғамдық келісімге әсер етеді, сондықтан олар жабық режимде немесе тар аяда талқыланбауы тиіс. Тікелей эфирлер — бұл жай ғана техникалық формат емес, бұл қоғамға деген сенімнің және биліктің ашық, сүзгісіз диалог жүргізуге дайын екенінің айқын көрінісі. Еліміз «халық үніне құлақ асатын мемлекет» және институционалдық жауапкершілік қағидаттарын жариялап отырған жағдайда, Конституциялық комиссияның ашық жұмысы — осы бағыттың қисынды жалғасы. Ашық отырыстар бұл тек ақпараттандыру ғана емес, ең бастысы азаматтардың белсенді қатысуына жол ашатын маңызды тетік», - деді депутат.