Қазіргі заңға сай, шетел азаматтары да суррогат ана жалдай алады
Қазақстан үкіметі «Неке және отбасы туралы» кодекске өзгеріс енгізе отырып, шетел азаматтарына Қазақстанда суррогат ана жалдауға тыйым салмақ. Бұл туралы депутаттардың сауалына жауап берген вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлім еткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Дереккөзге сүйенсек, қазір Қазақстанда суррогат ана болу мәселесін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заң мен «Неке және отбасы туралы» кодекс реттейді.
«Суррогат ана болу қызметтерін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсету мәселесіне қатысты келесіні хабарлаймыз: қазіргі заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары да, шетел азаматтары да суррогат анаға тапсырыс бере алады. Бірақ, соңғы жылдары суррогат ана болуға қатысты халықаралық деңгейде жанжалдар көбейіп кетті. Осыған байланысты, Қазақстанда суррогат ана болу қызметтерін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана көрсету нормасын белгілеу бөлігінде заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Өзгерістерді Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі және қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр», - деп жазылған Бозымбаевтың жауабында.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Грузияда жекеменшік клиника басшысы ұсталған еді. Ол Қазақстаннан барған суррогат аналарға ақша төлемеген еді.