«Бес адам жұқтырған»: Қазақстанның ұлттық орталығы жаңа вирусқа қатысты дабыл қақты

Автор: Бақыт Шынар

Үндістанның Батыс Бенгалия штатында бірнеше адамнан вирус табылған

Фото: istockphoto.com

Қазақстанның Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Нипах вирусының таралуына байланысты сақтық шараларын еске салып, дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл вирус - адамға жарғанаттардан, шошқалардан, сондай-ақ ластанған азық-түлік пен науқас адаммен тығыз қарым-қатынас арқылы жұғатын қауіпті зооноздық инфекция. Қазір Үндістанның Батыс Бенгалия штатында бес адамнан осы вирус табылды. Нипах вирусына қарсы вакцина да, нақты емі де жоқ, сондықтан алдын алу шараларын сақтау аса маңызды», - деп хабарлайды Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда бұл вирус тіркелмегенін, дегенмен, алдын алу шараларын ұмытпаған абзал екенін мәлімдеген еді.

Дәрігерлер Нипах вирусы таралып жатқан аймақтарға сапарлауды көздеп отырған азаматтар үшін ескерту жариялады:

  • Жарғанат, шошқа және басқа да жабайы жануарларға жақындамау керек;
  • Қолды сабындап жуу керек;
  • Тек қайнаған, таза су ішіңіз;  
  • Шикі финик шырынын және жануарлар ластауы мүмкін тағамдарды ішіп-жеуден бас тартыңыз;
  • Жеміс-жидектер мен көкөністерді мұқият жуып, қабығын аршып жеңіз.

«Егер сапардан кейін температура шығып, жөтел басталып, бас ауырса дереу дәрігерге бару керек», - деп ескертеді ұйым мамандары.