Биыл Электрондық еңбек биржасы арқылы 273 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

Автор: Azattyq Rýhy

Жол жөндеушілер мен күзетшілерге сұраныс артқан

2020 жылдың 6 айында Электрондық еңбек биржасы порталы арқылы 155,7 мың адам тұрақты жұмысқа және 117,6 мың адам уақытша жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2018 жылдың басынан – Биржа іске қосылған сәттен бастап порталда 1,25 млн-нан астам жұмысқа орналасу тіркелді, олардың 895 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқандар.

Осылайша 226 мыңнан астам жұмыс беруші мен 1 млн 88 мың жұмыс іздеуші электронды еңбек биржасының қызметін пайдаланған. Бүгінгі күні порталда 58 мың бос жұмыс орны және 199 мың түйіндеме өзекті.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ талдауына сәйкес, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыс іздеушілер арасында ең көп түйіндеме кеңсе-менеджер, жол жөндеу жұмысшысы және автомобиль жүргізушісі бағыттары бойынша орналастырылған. Өз кезегінде жұмыс берушілерге жол жөндеу жұмысшылары, автокөлік жүргізушілері мен күзетшілер қажет», - делінген аталған хабарламада.

Бүгінгі таңда электронды еңбек биржасына халықты жұмыспен қамту жөніндегі 203 орталық, 6 интернет-алаң, 4 БАҚ, 54 жеке жұмыспен қамту агенттігі қосылды.