4 млрд теңге қаражат материалдық-техникалық жабдық алуға жұмсалған
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің мәліметінше, жыл басынан бері коронавируспен күреске жергілікті бюджеттен 7 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл туралы қала әкімі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
«Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері коронавируспен күреске дәрігерлердің жалақысы мен үстемақысын қоспағанда, тек материалдық-техникалық жабдық алуға жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге қаражат бөлдік. Ал, дәрігерлердің жалақысы мен үстемақысына қосымша 3 млрд теңге жұмсадық», - деді Көлгінов.
Әкімнің сөзінше, қала бойынша 11 500-ден аса дәрігер бар. Сонымен қатар, биыл медициналық оқу орындарын тәмамдап жатқан түлектер де стационарларға көмекке жұмылдырылады.
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 3500 дәрігер, 8 мыңға жуық мейірбике жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда қала тұрғындарының саны 1 млн 200 мыңға жетті. Осыған байланысты медициналық колледжде оқуын бітірген 270 түлек оқытылып, КВИ-мен күресіп жатқан дәрігерлерге көмектеседі. Сондай-ақ Медициналық академия студенттерін де көмекке жұмылдыратын боламыз», - деді Алтай Көлгінов.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған 6 мыңға жуық науқас тіркелген, олардың 54%-ы жазылып шықса, коронавирус жұқтырған 61 науқас қауіпті індеттен көз жұмды.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан