Депутат жол ережесін бірнеше рет бұзған жүргізушілерді емтиханды қайта тапсыруға міндеттеуді ұсынды

Автор: Нұргүл Абай

Депутаттың айтуынша, былтыр адам өліміне әкеп соққан жол апаттары 41,9 пайызға өскен

Фото: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында елімізде жол апаттарының көбейіп кеткеніне алаңдап, жүргізушінің жауапкершілігін күшейтуді және жүргізуші куәлігін заңсыз бергендерге жазаны қатаңдатуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат өз сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында жол-көлік оқиғаларының көбейгенін ерекше атап өткеніне назар аударғанын айтты. Мемлекет басшысы соңғы бес жылда еліміздегі автокөлік саны 1,7 миллионға артқанын, жыл сайын шамамен 3 миллион транзиттік көлік өтетінін айтып, көлік көбейген сайын апат қаупі де артатынын ескерткен болатын.

«Тас жол қателікті кешірмейді. Бірақ тақтайдай трассаға шығып қателесудің құнын өмірдің құнымен өтемейінше жаны жай таппайтындар бар. Өңірлерге жасаған іссапарымыз барысында халық жол-көлік оқиғасының күрт өскеніне алаңдап отыр. Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айында елде 22 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 32 мыңнан астам адам зардап шекті. 1 446 адам қаза тапты. Жол апатының саны – 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 7 мыңға көп. Соңғы бес жылда тасжолдағы трагедиядан 12 мыңнан аса азаматымыздан айырылдық. Оның 1 мыңнан астамы – балалар. Бұл статистика Майқы би бабамыздың «темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деген сөзінің айғағы», - дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, мәселенің себептері белгілі, соған сай нақты шешімдер де қажет.

«Біріншіден, жүргізушінің жауапкершілігі. Тек 2024 жылы 12,6 миллион жол ережесін бұзу фактісі тіркелсе, 2025 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 9,7 миллионға жеткен. Мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны – 16 мыңнан асады. Сондықтан жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғандарды қайта емтихан тапсыруға міндеттеу керек. Екіншіден, жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактілерін түбегейлі тоқтату керек. Интернетте «250 мың теңгеге куәлік жасап беремін» деген жарнамалар өріп жүр. Соңғы жылдары осындай 222 қылмыстық факт анықталған. Жаза қатаңдамай, бұл мәселе шешілмейді», - деп санайды мәжілісмен.

Үшіншіден, Сәрсенғалиевтің пікірінше, айыппұлды көбейтіп, камера мен дронды тек жазалау құралына айналдыру дұрыс емес. АҚШ пен Еуропа елдеріндей дронды жол сапасын бақылауға пайдалану керек. Ақау анықталса, ақпарат автоматты түрде жауапты органға жіберілуі тиіс.

«Төртіншіден, апаттардың 30 пайызы – сапасыз жолдың салдарынан. Желіге жүгінсек,  Қазақстан жол сапасы бойынша әлемде 90-орында тұр. Белгі қойылмаған, сызық сызылмаған, шұңқыры жамалмаған жолдар апатқа апарады. Сондықтан жол салу мен бақылаудың жаңа, ашық тетігі қажет. Мердігер арзан жол емес, қауіпсіз әрі ұзақ қызмет ететін трасса салуға міндеттелуі тиіс.

Бесіншіден, біржолақты трассалар – өлім ошағы. 2025 жылы адам өліміне әкелген жол апаттары 41,9 пайызға өсті. Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жағдай ауыр. Автокөлік көп жүретін біржолақты жолдарды кеңейту – шұғыл әрі маңызды міндет.

Алтыншыдан, цифрлық навигация платформалары жүргізушіні қауіпті учаске, ауа райы немесе жол жөндеу туралы нақты әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етуге міндеттелуі керек.

Жетіншіден, көлікке заңсыз орнатылған LED және Bi-LED шамдарға қатаң тыйым салу қажет. Қарсы бағыттағы жүргізушінің көзіне шағылысатын жарық талай адамның жарық дүниемен қоштасуына себеп болып отыр», - деп мәлімдеді депутат.

Жол қауіпсіздігі – жекелеген саланың емес, адам өміріне тікелей әсер ететін мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Себебі жол қысқартамын деп асыққандардың өмірі қысқарып кетіп жатыр. Осыған байланысты депутаттық сауалда көтерілген барлық мәселе бойынша нақты шаралар қабылданып, жүйелі жұмыс жүргізілуін сұраймыз, деп түйіндеді сөзін Сәрсенғалиев.