Бәріне ортақ стандарт болады
Парламент Мәжілісі «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келісім Мәскеуде 2023 жылғы 4 желтоқсанда жасалған.
«Келісімнің мақсаты – ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетілуі аясында, оның ішінде мүше мемлекеттерде тауарлардың шығарылған жеріне байланысты экспортты реттеу шаралары болған кезде тауарлардың шығарылған жерін анықтау және растау бойынша мүше мемлекеттердің көзқарастарын біріздендіру», - делінген заң жобасына берілген қорытындыда.
Яғни еліміз ЕАЭО-дан тыс елдерге шығарылатын тауарлардың қай елде өндірілгенін қалай анықтау керек екенін реттейтін ортақ жүйеге қосылды. ЕАЭО-дан сыртқа экспортталатын тауарлардың шығу тегі бірдей ережелермен анықталады, әр ел әртүрлі талап қоймайды, бәріне ортақ стандарт болады.