Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің біразы қосылған құн салығынан босатылды

Автор: Нұргүл Абай

Олардың арасында дәрі жасау үшін шетелден импортталатын фармацевтикалық субстанциялар да бар

Фото: freepik.com

Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ұсынылатын медициналық қызметтер мен дәрілік препараттар қосылған құн салығынан босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, 3 мыңнан астам дәрі-дәрмек қосылған құн салығынан босатылған, оның ішінде 1 200-і орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған. Сондай-ақ көтерме және бөлшек саудада сату кезінде ҚҚС төлемейді.

Сирек және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту бойынша медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайды.

Бұдан бөлек, ТМККК және МӘМС аясында дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын импортталатын фармацевтикалық субстанциялар қосымша қосылған құн салығынан босатылады.

«Қабылданған шешім пациенттерді қолдауға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ медициналық ұйымдарға қаржылық жүктемені азайтуға және отандық фармацевтика саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған», - дейді ДСМ.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес көтерме және бөлшек сауда сегменттерінде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сату кезінде ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесін қолдану көзделген. 2026 жылғы қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 5%-ды, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 10%-ды құрайды.

Былтыр Денсаулық сақтау министрлігі бөлшек саудадағы дәрілердің шекті бағасын реттеген еді. Нәтижесінде бүгінде 3 780 атау бойынша препараттардың бағасы орта есеппен 26%-ға төмендеген.

2025 жылы шекті бағаны бұзудың 28 фактісі анықталып, жалпы сомасы 5,7 млн теңгеге әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар жасалды.