Төбелестің видеосы әлеуметтік желіде тараған
Қорғаныс министрлігі Шымкентте әскерге шақырылған жігітті ұрып-соқты деген ақпаратқа ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде Шымкентте мерзімді әскери қызметке шақырылған жігіттің соққыға жығылғаны туралы бейнежазба тараған болатын. Қорғаныс министрлігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Анықталғандай, әскерге шақырылғандар жиналатын пунктінің алдында жергілікті әкімдіктің инспекторлары арасында төбелес болған.
«2025 жылғы 20 желтоқсанда Шымкент қалалық жинақтау пунктінің аумағында Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне жергілікті атқарушы органның инспекторлары жіберілген болатын. Видеодағы жанжал сол инспекторлар арасында болған. Яғни, олар Қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері емес. Бұл жағдай Еңбекші және Қаратау аудандары бойынша шақыру бөлімінің бастығы тарапынан реттелді. Қазіргі уақытта аталған қызметкерлер арасындағы жанжал толықтай шешілді», - делінген хабарламада.