Нұр-Сұлтанда алғашқы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер табиғи газға қосылды

Автор: Azattyq Rýhy

Елорданы газдандыру зиянды қалдықтарды 6 есеге азайтуға мүмкіндік береді

Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлер табиғи газға қосылды. Атап айтқанда, Көктал-1 тұрғын үй алабында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №29 мектеп және бірқатар жеке үй газға қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Елорда күні қарсаңында ерекше қуанышты жағдайды атап өткен жөн.  Бізге көгілдір отын келді. Пеш жағып көрген жандар ғана бізді түсінеді. Қыста аспанымыз түтіннен көрінбейтін. Енді бәрі өзгереді. Көктал тұрғындары - негізінен қарт адамдар. Енді оларға әлдеқайда жеңіл болады, көмір сатып алудың қажеті жоқ », - деді Көктал-1  тұрғыны Галина Антонюк. 

Елорда әкімі Алтай Көлгінов биылғы  жылыту маусымында газ тарату желілері жеке сектордағы 8 мың үйге тартылатынын атап өтті.

«Газдандыру - Тұңғыш Президентіміздің тарихи жобасы. «Бес әлеуметтік бастаманың» бірі. Елордаға өткен жылы 1 мың шақырым магистралды газ құбыры тартылды. Газдандыру Мемлекет басшысының бақылауында. Биыл біз 8 мың жеке үйге газ тарату желілерін салуды жоспарлап отырмыз. Бүгін астана күні қарсаңында алғашқы әлеуметтік нысандар мен үйлер газға қосылды. Көктал 1,2, Агрогородок, Промышленный, Железнодорожный және Оңтүстік-шығыс ауданында биылғы жылыту маусымында бірінші кезеңде газ жүргізіледі. Сондай-ақ, ЖЭО - 1/2 газға ауыстырылады», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов. 

Әкімдік қала тұрғындары үшін тегін есептеуіштер орнатуды қарастырып жатыр. Тұрғындарға газ тарату желілеріне қосылу үшін пеш дайындау қажет. Өндірістік сектор мен тұрғын үй алаптарын газдандыру 3 кезеңде жүргізіледі.

Айта кету керек, елорданы газдандыру зиянды қалдықтарды 6 есеге, қатты заттарды – 40 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.