Маңғыстауда 100 мыңнан астам адам тұрғын үйге берілетін жеңілдіктен қағылып келген

Автор: Бақыт Шынар

Прокуратура олардың құқықтарын қорғаған

Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысында 100 мыңнан астам тұрғын тұрғын үй жеңілдіктерін ала алмаған. Бұл жайтты өңір прокуратурасы нормативтік құқықтық актілерге жүргізілген мониторинг барысында анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеру нәтижесінде облыстық мәслихаттың шешімімен тұрғын үй жәрдемақысын алушылардың санаттары мен мөлшері бекітілгені белгілі болды. Аталған жеңілдіктер тұрғын үй бағдарламалары аясында азаматтардың жекелеген санаттарына бастапқы жарнаны немесе тұрғын үй құнының бір бөлігін төлеу кезінде мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған.

Алайда өткен жылы тұрғын үй жәрдемақысын беру тәртібін реттейтін заңнамаға өзгерістер еніп, осы жәрдемақыны алатындардың санаты 2-ден 12-ге дейін кеңейген. Бұл өзгерістер облыстық мәслихаттың шешіміне уақытылы енгізілмеген. Соның салдарынан 100 мыңнан астам азамат, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары, заңда көзделген тұрғын үй жеңілдіктерін пайдалану мүмкіндігінен айырылған.

Прокуратураның наразылығы негізінде қала және аудан мәслихаттарының шешімдері қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтардың бұзылған құқықтары толық қалпына келген.