Воркаут зонасында студенттер мен қызметкерлер бос уақытын пайдалы өткізеді
Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде студенттер көптен күткен жаңа спорттық воркаут аймағының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, қала әкімдігінің өкілдері, түрлі саяси партиялар мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары қатысты. Ресми қонақтар мұндай инфрақұрылым жастардың белсенділігін арттырып, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға маңызды үлес қосатынын атап өтті.
Жаңа алаң университеттегі жастарға арналған инфрақұрылымды кеңейтіп, спортпен тұрақты шұғылдануға қолайлы жағдай жасайтын маңызды жобалардың бірі болып отыр.
«Дені саудың – жаны сау» демекші, елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жастардың денсаулығын нығайту, дене белсенділігін көтеру және ұлттық спортты кеңінен дәріптеу қажеттігін ұдайы айтып жүр.
Осы бағыттағы бастамаларды қолдау үшін университетте студенттер мен қызметкерлерге арналған бірнеше жаңа спорт нысандары ашылған.
Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі, қоғам қайраткері Әсет Гелмановтың айтуынша, спорт нашақорлықпен күресте ең тиімді құралдардың бірі.
«Спорт алаңының ашылуында студенттік лига турнирінде бірінші орын алған баскетболшылар марапатталды. Бұл – мұндай спорттық алаңдардың қажет әрі маңызды екенін дәлелдейді. Олар жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, нәтижеге ұмтылуына қосымша серпін береді», – деді ол.
Ашық аспан астында орналасқан жаңа воркаут зонасы студенттер мен қызметкерлердің бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Алаңда күш жаттығуларына арналған турник, брусья, көлденең сатылар, серіппелі құрылғылар сынды түрлі жабдықтар орнатылған. Барлығы да қауіпсіздік талаптарына сай арнайы жабынмен қамтамасыз етілген.