Алматылық волонтер Тоқаевты Іле Алатауы ұлттық паркіне шақырды

Автор: Azattyq Rýhy

Белсенді эко-туризмді қолдайтын уақыт келгенін айтады

Алматы қаласындағы қоршаған ортаны қорғау мәселесімен айналысатын волонтерлер Қазақстан Президентінің атына Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экологиялық туризмді дамытуға арналған жобаны қолдау туралы сұрап, хат жолдады.

«Іле Алатауы ұлттық паркі жанындағы қоғамдық кеңесте уәде бергенімдей,  біз ел президентіне ашық хат жолдадық. Менің атымнан. Не үшін? Біздің атқарып жатқан ісімізге кедергі келтірмеуі үшін. Ұлттық парк аумағында табиғатқа та, адамға да қауіпсіз болуы тиіс. Міне, біз жастармен бірге күн-түн демей, жұмыс істеудеміз», - деп жазады волонтер Әсел Исанова.

Волонтердің пікірінше, Ұлттық паркті басқару туралы шешім қабылдайтын кез жетті.  Белсенділер оның негізгі себептерін  хатта атап көрсеткен.

  • Ұлттық парк аумағында демалыс мәдениеті мүлде қалыптаспаған;

 

  • Күн санап көбейген туристер нөпірі басқарылмайды әрі олардың арасында өлім-жітім көп;

 

  • Таулы жерде бақылау-құтқару бекеттері орнатылмаған;

 

  • Жұртшылықтың тауға көтерілуіне коммерциялық көмек беретін тау гидтерінің қызметін реттейтін, оның құзыреті мен тәжірибесін растайтын заң қабылданбаған;

 

  •  Паркке кіретін және адам көп жиналатын жерде бірыңғай  инфрақұрылым жасалмаған;

Сол себепті, волонтерлар Іле Алатауы ұлттық паркінде экологиялық туризмді қоршаған ортаға зиян келтірмей дамыту жөніндегі бас жоспарды жүзеге асыру жұмыстарын Мемлекет басшысы да қолдайды деген үмітте.

Еске салсақ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұлттық парктерде экотуризмді дамыту жобасы қолға алынды. Осы мақсатта Іле Алатауында туристік инфрақұрылым тарту жұмыстары басталды. «Turanga Group» компаниясы  паркте экотуризмді дамыту бойынша тендерді жеңіп алған. Компания 4 жыл ішінде аталған жобаға 12 млрд теңге салуды жоспарлап отыр.