Іске полиция мен прокуратура араласқан соң ер адам мәжбүрлі түрде ем қабылдайтын болды
Павлодар қаласы Торайғыров көшесінің бойындағы үйлердің бірінде тұратын әйелдер полиция департаментінің басшысына арыз жазып, денсаулығында кінәраты бар көршісіне қатысты шағым айтқан. Полиция мен прокуратура ер адамды мәжбүрлі түрде емделуге жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ер адам пәтерін арам күйде ұстап, үнемі шу шығаратын көрінеді. Көршілер оның қылығынан бола өміріміз тозаққа айналды дейді.
«Пәтерден шығатын арам иіс, қоқыс, сағат сайынғы айқай-шуды ескерсек, өміріміз тозаққа айналды. Қауіпсіздік жоқ, подъезден шығу қауіпті, оның үйінде күмәнді адамдар жиналады. Подъездтегі антисанитарлық жағдайлар да үлкен проблема болып отыр. Ескерту айтсақ, мас күйінде бізге тіл тигізеді», – деп жазды тұрғындар.
Учаскелік инспектор Ризабек Төкебаев прокуратурамен бірлесе отырып, үстінен шағым түскен азаматты медициналық емге жолдаған. Аргумент ретінде көршілердің куәлігі ескерілген.