Ант беру кезінде көзінен айырылған әскери қызметкер Қарулы күштердегі қызметін жалғастырады

Автор: Нұргүл Абай

Қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр, әскери қызметкерге өтемақы беріледі

Фото: скриншот

Жамбыл облысында ант беру рәсімі кезінде бөтелкемен трюк орындап жатып бір көзін ауыр жарақаттап алған келісімшартпен істейтін әскери қызметкер Қарулы күштерде қызметін жалғастырады. Бұл туралы қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ант беру рәсімінде арнайы бөлімше ант қабылдаған әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары үшін өздерінің дағдыларын көрсетпек болған. Қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкер жарақат алып қалды. Ол шұғыл ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Кейін офтальмология орталығына ауыстырылды. Қазір бір көзі көрмейді», - деді Борамбаев Мәжіліс кулуарында.

Алған жарақатына қарамастан ол Қарулы күштер қатарында қызметін жалғастырады, деп атап өтті қорғаныс министрінің орынбасары.

«Ол толығымен сауығып, әскери-дәрігерлік комиссиядан өткен соң, денсаулығына келтірілген жарақат дәрежесі анықталады, сосын өтемақы төленеді», - деді Борамбаев.

Айтуынша, қазір осы факті бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр. Жақын арада шешім қабылданады.