Кадры да, материалдық-техникалық базасы да жоқ әскери кафедралар жабылуы керек – депутат

Автор: Нұргүл Абай

Әскери прокуратураның тексерісі кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған

Фото: istockphoto.com

Қазақстандағы кейбір әскери кафедралардың материалдық-техникалық базасы әлсіз, оқытушылар жетіспейді, ал дайындық сапасы төмен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өздеріңіз естігендей, әскери кафедраларда кадр тапшылығы, сондай-ақ техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі әлі де бар. Бұған қоса, әскери кафедраларда сабақтар формалды түрде өтеді, былайша айтқанда «галочка» үшін келіп-кететін жағдайлар да бар. Ал бұл кейін жастардың, яғни әскери міндетін өтеуге тиіс азаматтардың дайындығына және қажет болған жағдайда өзін қорғай алу қабілетіне кері әсер етеді», - дейді Кучинская Мәжіліс кулуарында.

Депутаттың айтуынша, Әскери прокуратура жүргізген тексеріс барысында әскери кафедраларға студент қабылдау кезінде де заң бұзылғанын анықтаған.

«Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен және прокуратурамен бірге енді әскери кафедраға түсу үшін өтінішті Egov арқылы беру тәртібін енгізді. Бірақ біздің ойымызша, бұл жеткіліксіз. Жарайды, өтінішті Egov арқылы бердік делік. Ал ары қарай не болады? Комиссия қалай жұмыс істейді, шешім қалай қабылданады? Міне, осы мәселелерді де толық реттеу қажет», - деп санайды ол.

Бұдан бөлек, «Әскери-патриоттық тәрбие туралы» заң аясында өңірлерде үйлестіру кеңестері құрылған. Кучинскаяның айтуынша, әскери кафедралардың қызметіне қатысты мониторинг нәтижелері алдымен осы үйлестіру кеңесіне ұсынылуы тиіс, содан кейін ғана қандай шара қолданылатыны анықталып, қорғаныс министріне ұсынылады.

«Бүгінде Қорғаныс министрлігі әскери кафедраларды ашу және жабу ережелерін әзірледі. Қазір елімізде 41 әскери кафедра бар. Алайда олардың кейбірінде жасақталу көрсеткіші 50 пайыздан да аз. Біз мұндай кафедралар жабылуы тиіс деп санаймыз. Енді біз қандай саясат жүргізетінімізді талқылауымыз керек. Оқу орындарына талаптарды орындау үшін белгілі бір мерзім беріле ме, егер белгілеген уақыт ішінде талаптарға сәйкес келтірмесе, онда келесі жылы әскери дайындық жүргізуге рұқсат берілмеуі керек», - дейді Кучинская.