Болат Керімбектің пікірінше, көп ата-ана әскер кафедарларды «әскерден қашатын орынға» айналдырған
Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Қазақстанда қазір 41 әскери кафедра жұмыс істеп тұрғанын айтып, ол орындар Қазақстандағы жігіттердің «әскерден қашатын орындарына» айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Айта кетейік, бүгін мәжілістің Қорғаныс және қауіпсіздік комитеті арнайы дөңгелек үстел өткізіп жатыр. Болат Керімбек атап өткендей, дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – осыдан бір-екі ай бұрын қабылданған «Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі арнайы заң».
«Осы заңның аясында Ғылым министрлігі мен Қорғаныс министрлігі нормативтік-құқықтық актілер қабылдап жатыр. Қазір Қазақстандағы әскери кафедралардың саны 41-ге жуық. Бұрын арнайы заң болмаған соң, бұл кафедралардың әрқайсысы өз бетімен жұмыс істеп келген. Соның ішінде әскери кафедралар оқу орындарының ішінде болғандықтан, олардың арнайы кабинеттері, ұстаздар құрамы мен олардың біліктілігі талапқа сай келмейтін тұстары анықталды», - дейді ол.
Оның айтуынша, 2024 жылы осы жоғары оқу орындарына арнайы тексеру жүргізген Әскери прокуратура бірнеше университеттерде оқу құралдары, әскери техника және түрлі жабдықтар нормативке сай болмағанын анықтаған.
«Бүгінгі жиналыста Қорғаныс министрлігінің орынбасары әскери-патриоттық заң негізінде Қорғаныс министрлігі оқу орындарын тексеруге толық құқық алғанын айтты. Бұрын өз саласына қатысты болса да, олардың жұмысына араласа алмайтын. Менің ойымша, осы заңның қабылдануы, прокуратураның тексерістері және біздің комитеттің бақылауы сапалы запастағы офицерлер мен сержанттардың толыққанды білім алып, әскер саласына сай болып шығуына негіз болады. Қазір осы әскери кафедраларда12 мыңнан астам офицер мен сержант дайындалып жатыр. Оның үш жарым мыңы мемлекеттің қаражаты есебінен, қалғаны ақылы қызмет түрінде білім алып жүргендер. Бұл – әскери кафедра саласындағы үлкен реформаның бастауы. Бұл сала 34 жыл бойы толық реттелмеген. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-аналар әскери кафедраға әскерден қашып, әскерге бармау үшін, бірақ әскери билет алып шығу үшін баратын. Біз енді бұған жол бермейміз», - деді ол.
Оның айтуынша, әскери кафедраның негізгі мақсаты – офицерлерді даярлау.
«Енді олар әскери қызметке қайта шақыртылуы мүмкін. Резерв қызметі туралы заң қабылданды. Қазақстанның кез келген азаматы әскерге барып келсе де, бармаса да, әскери кафедраны бітірсе де, бес жыл сайын оқу-жаттығу дайындықтарынан өтуге міндеттелді. Бұл – әлемдік геосаяси жағдай күн сайын өзгеріп отырған кезде уақытылы қабылданып жатқан шешім. Әскери кафедраны бітіргендерді келісімшарт негізінде әскери қызметке тарту көзделген, себебі әскери мамандар жетіспейді. Әскери жоғары оқу орындарының саны шектеулі, оларды бітіретін офицерлердің де саны аз. Сондықтан әскери кафедраның мақсаты – осы мамандарды кафедра арқылы тәрбиелеп, әскер қатарына келісімшартпен шақырып, жұмысқа тарту. Олар баруға міндетті. Әскери кафедраны бітіргендер шен алып шығады және соған сай әскери қызмет атқаруға жүктеледі», - деп түйіндеді сөзін депутат.