Енді киік мүйізін сатқысы келетін тұлғалар оны таңбалауға міндетті

Автор: Бақыт Шынар

Одан басқа тағы төрт тауар тобына міндетті таңбалау талабы енеді

Фото: freepik.com

Қазақстанда міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесі кеңейді: енді киіктің мүйізін сатқысы келген кәсіпкерлер оны таңбалауға міндетті, деп хабарлайды Azattyq Ryhy. 

Бұндай бұйрықты Сауда және интеграция министрлігі жариялады.

«Жаңарған тізімге төрт жаңа тауар тобы қосылды: олар сыра өнімдері, мотор майлары, жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен киік мүйізі», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Бұл тауарлар таңбаланған соң код ақпараттық жүйеге тіркеліп, оның өндірісінен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі қозғалысы бақыланып отырады. Сондай-ақ көлеңкелі сауда мен контрафактілік өнім көлемі азаяды дейді министрлік өкілдері.

«Киік мүйіздері 2025 жылдың 1 желтоқсаннан бастап таңбаланады. Сол арқылы киік мүйізінің шығу тегін нақты анықтауға, олардың заңсыз айналымына жол бермеуге және заңды қорларын тиімді бақылауға мүмкіндік туады. Осы арқылы мемлекет браконьерліктің деңгейін төмендетуді көздейді», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Ал, сыра мен мотор майлары 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап таңбаланады.