Әйел адам қатты ауырып, оны жедел жәрдем алып кеткен
Қазір зейнеткер немесе зейнет жасына таяған үлкен кісілердің мектепте күзетші болып жұмыс істейтініне көзіміз үйренген. Астанадағы «Бақылау» күзет агенттігінің 64 жастағы қызметкері де мектепті күзетіп, жан бағып жүрген еді. Алайда, агенттік оған екі ай бойы жалақы төлемегені аздай, өз ақшасын сұрағанда оның арына тиіп, ауыр сөздер айтқан. Ауыр хәлге тап болған әйелдің қызы Azattyq Ryhy тілшісіне оқиғаның қалай болғанын баяндап берді
Оның айтуынша, осы күзет агенттігінің мектепте жұмыс істейтін өзге қызметкерлері де екі айдан бері жалақы алмаған. Олар жұмыс чатына күнде шағымданғанмен, агенттіктің басшылығы «күнде ертеңге» салып жүр.
«Анама әдеттегідей таңертең телефон шалдым. Ол екі айдан бері жалақы алмаған айтып, көңілі түсіп кетті. Олар ешкімді алдап жүрген жоқ, артық ақша сұрап жүрген жоқ, тек өз жалақысын талап етіп жүр. Бірақ, агенттік басшылығы оларды құрғақ уәдеге тойдырып жүр», - дейді әйелдің қызы.
Қатты қиналған күзетшілер тығырыққа тірелген соң мектеп басшылығына барып, мәселесін айтқан.
«Олар бұл мәселемен басқа жердегі мекемелерге емес, өздері жұмыс істейтін мектептің әкімшілігіне барған. Мәселемен танысқан мектеп директоры күзетшілердің көзінше «Бақылау» агенттігінің бастығына телефон соғып, неге жалақы төленбей жатқанын сұраған. Бірақ, агенттік басшылығы директорға да дөрекілік танытқан. Сондықтан, олардың әңгімесі ұзаққа барған жоқ», - дейді бойжеткен.
Мектеп директорына барғаны жақпай қалса керек, осы оқиғадан кейін күзет агенттігінің басшысы әйелге телефон соғып, айқайға басқан.
«Анам бірден қоңырауға жауап бере алмаған. Айналасында бала толып жүрген соң оның қолы бос бола бермейді. Бірден қоңырауына жауап бермегеніне ашуланған ол «сен мойныңа қарғыбау таққан ит емессің бе» деп қорлаған. Анам телефонын бауы бар чехолға салып жүретін. Сол жіпті ол қарғыбауға теңеп, анамды итке теңеген», - дейді бойжеткен.
Әйел адам тағы да жалақысын сұрағанда агенттік басшысы «қайда барсаң, сонда бар, маған ешкімнің әмірі жүрмейді» деген. Осының бәрін естіген әйелдің қан қысымы күрт көбейіп кетіп, басы айналып кеткен. Жалпы, 64 жастағы әйелдің жүрегі де ауырады екен.
«Агенттік басшысының ауыр сөздерінен кейін анамның қолы дірілдеп, тілі күрмеліп қалған. Мектептегі медбике бірден жедел жәрдем шақырған, өйткені, анамның қан қысымы 170-ке бірден көбейіп кеткен. Дәрігерлер анамның миына қан шауып кете жаздағанын айтты», - дейді бойжеткен.
Біз осы мәселеге қатысты бірнеше құзырлы органға ресми сауал жолдадық.