$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.12.2020, 15:43
Сайлау-2021

«Ауыл» партиясынан үміткерлер БҚО-да еңбек ұжымымен кездесті

Үміткерлер партияның сайлауалды тұғырнамасының бастамаларын түсіндірді

«Ауыл» партиясынан үміткерлер БҚО-да еңбек ұжымымен кездесті

Бүгін «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Кенжеғали Машырықов «Ауылдан ауылға» акциясы аясында «Жайық агро» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Үгіт-насихат тобының құрамына облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар енгізілді.

Үгіт-насихат тобы өндірістік кешенмен танысып, «Ауыл» партиясының сайлауалды тұғырнамасының бастамаларын түсіндірді. «Ауылдықтардың» пікірінше, қайта өңдеу кәсіпорындары АӨК жүйесіндегі негізгі буын, өйткені бір жағынан олар қосылған құнды қалыптастырады және саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады, ал екінші жағынан ауыл шаруашылығы өндірушілерінен және жеке аулалардан шикізатты тұрақты сатып алуды қамтамасыз етеді.

Бұл салада бірқатар мәселелер бар. Бұл - арзан әрі ұзақ кредиттік ресурстардың қолжетімсіздігі, өтімділікті қолдау үшін «жылдам» ақшаға деген тұрақты қажеттілік, қосылған құн салығын төлеу. Соңғы мәселе «Жайық агро» ЖШС-ны да айналып өтпеген.

Батыс Қазақстан облысы мәслихаты депутаттығына кандидат Т.Ескендіровтің айтуынша, қайта өңдеу кәсіпорындары шикізаттың 60%-дан астамын жеке аулалардан, яғни жеке тұлғалардан сатып алады. Сонымен қатар, қосылған құн салығы ет комбинаттарына жеке қосалқы шаруашылықтарға жақсы баға ұсынуға мүмкіндік бермейді, сондықтан шикізаттың едәуір бөлігі тиісті өңдеусіз делдалдар арқылы нарыққа кетеді.

К.Машырықов мұндай проблемалар ҚР Президентінің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға кедергі келтіретінін және осыған байланысты партия АӨК субъектілерін ҚҚС-тан босатуға ұсынып жүргенін айтты. «Ауыл» партиясы атынан үміткердің айтуынша, былғары шикізаты, жүн және көкөніс нарығында өңдеудің дамымауы осыған байланысты.

Сондай-ақ, «Жайық агро» ЖШС-ның еңбек ұжымымен кездесуде партияның әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі бастамалары туралы да айтылды. К.Машырықовтың айтуынша, «Бала нәсібі» балалар капиталын енгізу жәрдемақы түрлерін 7-ден 1-ге дейін қысқартуға мүмкіндік береді және халыққа түсінікті болмақ.

«Статистика көрсетіп отырғандай, 2019 жылы бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақыны жаңа туған балалардың тек 65% ғана пайдаланған. Жәрдемақылардың бірнеше түрі мен көптеген кіші түрлерінің болуына байланысты шатасулар және адамдар, әсіресе бюрократиядан шаршаған ауыл әйелдері мемлекет ұсынған көмектен бас тарту жағдайлары кездесуде», - деді ол.

Кездесуде бала капиталын енгізу бұл мәселені біржола шешіп, әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігін арттырады деген ортақ пікірге келді.

Сонымен қатар, бүгін мәслихаттар депутаттығына кандидаттар өңірлерде бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Мәселен, Павлодар облысында Мәжіліс депутаттығына кандидат Н.Г. Арсютин, Павлодар облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттар Б. А.Аманжолов, Е.Ч.Тоқтушаков және партияның сенімді өкілдері Е.Н.Байғұрманов, А.О.Батыршаев Ақсу ауданы Қалқаман ауылының тұрғындарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы «Береке» ШҚ базасында «Шаруа қожалық ауыл өмірінің діңгегі» атты іс-шара өткізілді, оған «Ауыл» партиясынан аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар Н.Садығұлов, Ғ.Малбасарова, Ы.Бақытов, аудандық штаб мүшелері, партия белсенділері қатысты.

Серіктес жаңалықтары